ЕО-ның шикізат апталығында алғаш рет Орталық Азияға арналған сессия ұйымдастырылды
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рақымжан Исақұлов бастаған қазақстандық делегация Брюссельде өткен жыл сайынғы шикізат апталығына қатысты, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
«Шикізат апталығы» - Еуропалық Комиссия ұйымдастырған жоғары деңгейлі форум, онда Еуропадағы маңызды шикізат жеткізу тізбегі және ЕО-ның осы саладағы басқа елдермен серіктестігі талқыланады.
Биылғы іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен келген мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу және академиялық ортаның 1000-нан астам өкілі қатысты. Спикерлер арасында Еуропалық Комиссияның атқарушы вице-президенті Стефан Сежурне және Еуропалық комиссар Йозеф Сикела болды.
Қазақстан шикізат апталығына Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы маңызды шикізат саласындағы жетекші серіктесі ретінде үнемі қатысады.
Апталыққа алғаш рет ЕО-ның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығына арналған бөлек бөлім енгізілді. Еуропалық Комиссияның тиісті дирекцияларының, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан министрліктерінің өкілдері сирек кездесетін жер металдары саласындағы ынтымақтастық перспективалары бойынша пікір алмасып, баға берді.
Вице-министр Р. Исақұлов өз сөзінде сирек кездесетін жер металдары саласындағы қазіргі жағдай мен оның даму әлеуетін атап өтті. Қатысушылар сондай-ақ 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасының нәтижелерін және 2026–2027 жылдарға арналған Жол картасындағы жаңа тармақтарды талқылады.
Форум аясында қазақстандық делегация өкілдері ынтымақтастыққа және Қазақстандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан еуропалық компаниялар мен ұйымдармен кездесулер өткізді.
Біз бұған дейін АҚШ-тың сирек кездесетін металдар арқылы Қытайға тәуелділігін азайту ниеті туралы хабарлаған едік.