ЕО-ның тағы бір елі биылдан бастап еуроға көшеді

АСТАНА. KAZINFORM — Болгария 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ұлттық валюта — левпен ресми түрде қоштасып, еуроны мемлекеттік валюта ретінде енгізеді.

ЕО-ның тағы бір елі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап еуроға көшеді
Фото: Novinata

Novinata басылымының мәліметінше, ел Еуроаймаққа қосылады. Бұл — барлық қажетті талапты орындау жолындағы ұзақ жылғы күш-жігердің нәтижесі.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап еуро Болгарияның ресми валютасы ретінде левті біртіндеп алмастырады. Бір ай бойы екі валюта қатар қолданылады. Левпен төлем жасалған жағдайда, қайтарым ақша еуромен беріледі. Бұл левті айналымнан кезең-кезеңімен шығаруға мүмкіндік береді.

Лев пен еуродағы бағаны қатар көрсету 2025 жылғы 8 тамыздан бастап міндетті болып енгізілді және 2026 жылғы 8 тамызға дейін қолданылады.

Коммерциялық банктер Болгария ұлттық банкінен (БҰБ) еуро банкноттары мен тиындарын алдын ала алып, қолма-қол еуроны дүкендер мен кәсіпорындарға жеткізді. Еуро банкноттары мен тиындарын БҰБ-та, коммерциялық банктерде және коммерциялық банк жоқ ауылдық жерлердегі кез келген пошта бөлімшесінде айырбастауға болады.

Болгария ұлттық банкінде айырбастау тегін және мерзіммен шектелмейді. Банктер мен пошта бөлімшелерінде айырбастау алғашқы алты айда тегін болады. 2026 жылғы 1 шілдеден кейін банктер мен пошта бөлімшелері айырбастау үшін комиссия алуы мүмкін.

1 қаңтардан бастап Болгариядағы банкоматтардың 96%-ы еуро банкноттарын береді, ал қалғандары екі апта ішінде еуро беруге көшеді.

Болгария билігі елдің Еуроаймаққа қосылуына ауқымды дайындық жүргізді. Ұлттық көшу жоспары аясында еуроны енгізу және левті айналымнан шығару үдерісінің барлық ұйымдастырушылық тетігі егжей-тегжейлі сипатталған.

Еуро болгар азаматтары мен кәсіпорындары үшін бірқатар практикалық артықшылық әкеледі.

Ол шетелге сапарды және күнделікті өмірді жеңілдетіп, нарықтардың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады, сондай-ақ сауданы дамытуға ықпал етеді.

Болгарияның еуроға көшу жоспарының басты қағидаты — тұтынушыларды қорғау. Тұтынушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру тетіктері үш негізгі бағытқа негізделген:
— бағаны екі валютада қатар көрсету;
— тауарлар мен қызметтердің бағасын бақылау;
— саудагерлер мен қызмет көрсетушілерге қадағалау жүргізу.

Соңғы жаңалықтар