ЕО-ның ұтылғаны анық — сарапшы АҚШ-пен сауда келісімі жайында
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Шотландияда кездесіп, Америкаға импортталатын еуропалық тауардың басым бөлігіне 15 пайыздық баж салығын көздейтін келісімге қол қойды. «Diplomatic World» жобасының жетекшісі Альберто Туркстра Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында аталған келісімнің ЕО-ға қаншалықты тиімді екенін айтып берді.

Келісім шарты
— АҚШ ЕО-дан келетін тауардың басым бөлігіне 15 пайыздық баж салығын енгізеді;
— ұшақ, кейбір химикаттар мен жартылай өткізгіш жабдықтар сияқты стратегиялық маңызы бар бірқатар тауарға баж салығы салынбайды;
— Штаттар болат пен алюминийге 50 пайыздық баж салығын сақтап қалады;
— ЕО АҚШ-тан 750 млрд доллар сомаға сұйытылған табиғи газды қоса алғанда америкалық энергия ресурстарын сатып алуға міндетті;
— Сондай-ақ әскери техникаларды қоса алғанда АҚШ экономикасына қосымша 600 млрд доллар инвестиция құюы тиіс және мұның бәрі де 3 жыл ішінде орындалуы қажет.
Еуропа реакциясы
— Реакция күлкілі болды: бір жағынан жеңілдеу, ал екінші жағынан — алаңдаушылық. Дегенмен, көңіл-күй мерекелейтіндей емес, — деді Альберто Туркстра.
Ол қалай дегенде бұл мәміле қысқа мерзімді келешектегі ашықтық пен болжамдылықты қамтамасыз ететіндігін айтады.
— Бұл ахуалды Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер бәрінен де жақсы сипаттап, келісімді «жеңілдеу сәті, бірақ мерекелейтіндей емес» деп атады. Кейбір сарапшы мұнан да ашық пікір білдіріп, мұны «Еуропаның саяси қорлануы» және ЕО тарапынан «татулық» көрінісі деп атады, — деді сарапшы.

Ол ЕО елдеріндегі экономикалары негізінен экспортқа бағытталған өнеркәсіп жетекшілері күмән мен көңіл толмаушылықтарын білдіргенін атап өтті.
— Неміс өнеркәсібі федерациясының ықпалды мүшесі Вольфганг Нидерманк: «Тіпті 15 пайыздық тарифтің өзі Гермнияның экспортқа бағытталған өнеркәсібіне зор теріс әсер етеді», — деп мәлімдеді. Сол сияқты, Фландрия Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі Ханс Мартенс те, сауда соғысының алдын алуға мүмкіндік туғанымен, 15 пайыздық тариф фламанд компаниялары үшін «жаман жаңалық» болып қала беретіндігін атап өтті, — деп нақтылайды сарапшы.
Альберто Туркстраның пайымынша, қазіргі жағдайды және ЕО-ның АҚШ-пен келіссөздердегі әлсіз ұстанымын ескере отырып, бұл келісім идеалдан алыс, бірақ ауқымды сауда соғысымен салыстырғанда бәлкім, зұлымдықтың ішіндегі ең қаупі азы.
— Бұл біржақты келісімге балама ретінде Трамп 1 тамыздан бастап уәде еткен 30 пайыздық тарифті енгізуі мүмкін еді. Дегенмен, 15 пайыздық базалық тариф қазіргі 4,8 пайыздық орташа мөлшерден 3 еседен астам жоғары, — деді ол.
Diplomatic World жоба жетекшісі бұл келісімді Урсула фон дер Ляйен үшін жеке тұрғыда жасау аса маңызды болған деп санайды. Әсіресе оның соңғы бірнеше айдағы қиын кезеңдерін ескергенде. Өйткені, бұл кезеңде оған қатысты тергеулер жүргізілді, оның ішінде ЕО сотында «Pfizergate» ісі бойынша дау-дамайда жеңіліс тапқаны, Еуропарламентте сенімсіздік вотумына дауыс берілгені, сондай-ақ бірнеше күн бұрын Қытай–ЕО саммитінен нақты нәтижесіз бос қайтқаны да бар.

Қауіпті жағдай
— Мұнан бөлек, бұл келісім ережелерге негізделген сауда жүйесіне соққы жасайды және Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларын тікелей бұзады. Аталған нормаларға сәйкес, «мүше мемлекеттер барлық басқа мүшеге бірдей тарифтер қолдануға тиіс», ал «ерекшеліктер тек еркін сауда туралы келісімдер аясында, яғни екі тарап та тарифтерді нөлге дейін төмендететін кезде ғана рұқсат етіледі». Алайда бұл шарттар АҚШ пен ЕО арасындағы қазіргі келісімге сәйкес келмейтіні анық, — деп атап өтті Альберто Туркстра.
Оның пікірінше, бұл қауіпті прецедент қалыптастырады әрі басқа елдерді де саяси себептерге негізделген ерікті баж салығын енгізуге итермелеуі мүмкін.
— АҚШ келісімнен ЕО-ға қарағанда көбірек ұтқаны сөзсіз. Бұл президент Трамптың келіссөз жүргізу шебері екенін тағы бір рет дәлелдейді. Бұған қоса, АҚШ Еуропаға ықпал ететін тетіктерін сақтап отыр. Яғни, егер ЕО бұл келісім аясында қабылдаған (мәжбүрлі) инвестициялық міндеттемелерін орындамаса, онда Вашингтон алдағы уақытта тарифтерді қайта көтере алады, — деді ол.
Сарапшы аталған келісім салдарына тоқтала келе, ЕО-ның ашық, ережелерге негізделген жаһандық сауда тәртібін қалпына келтіру мақсатында серіктестерімен іс-әрекеттерін жедел үйлестіруге ұмтылатынын атап өтті.
— Соңғы айларда ЕО МЕРКОСУР (Оңтүстік Америка елдерінің ортақ нарығы), Мексика және Индонезиямен сауда келіссөздерін аяқтады. Енді бұл келісімдерді ратификациялау қажет. Сонымен қатар Үндістанмен, Филиппинмен, Малайзиямен және басқа елдермен еркін сауда жөніндегі ағымдағы келіссөздердің де қарқын алуын күтуге болады, — деп қосты Туркстра.
Бұған дейін Еуроодақ АҚШ-тан әкелінетін көліктерге баж салығын алып тастайтынын жазған едік.