ЕО-ның жетіжылдық бюджет жөніндегі саммиті келісімсіз аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Еуроодақтың 2028–2034 жылдарға арналған бюджеті жөніндегі екікүндік саммиті мерзімінен бұрын аяқталды. Германия мен бірқатар ел шығындарды қысқартуды жақтаса, Франция, Италия және басқа да кейбір мемлекеттер бұған қарсы. Келісімге қол жеткізу мүмкін болмады, деп хабарлайды DW.
Германия канцлері Фридрих Мерц (Friedrich Merz) баспасөз мәслихатында мәлімдегендей, ЕО елдері көшбасшыларының жетіжылдық бюджет туралы түсінігі «әлі де айтарлықтай алшақ». Сонымен қатар ГФР үкіметінің басшысы осы жылдың соңына дейін келісімге қол жеткізуге болатынынан «үмітін үзбейтінін» жеткізді.
Мерц келіссөздер 17–18 желтоқсанда өтетін саммитте қайта жалғасатынын атап өтті.
Германия ЕО бюджетін ұлғайтуға қарсы елдер тобын бастап отыр
Саммит басталмай тұрып-ақ Мерц Еуроодақ бюджетінің шығындарын ұлғайтуға қарсы шыққан алты «таза донор» елдің көшбасшыларымен кездесті. Әңгіме Нидерланд, Аустрия, Швеция, Финляндия, Дания және Бельгия туралы болып отыр.
Ал саммит барысында ГФР канцлері Еурокеңес төрағасы Антониу Коштаның 21 қарашада ұсынған 1,78 трлн еуро көлеміндегі жетіжылдық бюджетін де сынға алды. Бұл Еурокомиссияның 2025 жылдың жазында ұсынған сомасынан шамамен 204 млрд еуроға аз. Мерцтің айтуынша, шығындар одан да қатты қысқартылуы тиіс.
Германия үкіметінің басшысы сондай-ақ еуропалық деңгейде қарыз қаражаты есебінен қаржыландыруға қарсы шықты. Өйткені 2028–2034 жылдары бірлестік елдері қарыздар бойынша 150 млрд еуродан астам сомаға пайыздар төлеуі керек. Берешектің одан әрі ұлғаюы ЕО-ның «іс-әрекетке қабілеттілігін жоғалтуына» әкеп соғуы мүмкін, деп есептейді Мерц.
«Үнемшіл» елдерге Италия, Франция және Польша қарсы тұр
Мерц пен Еуроодақ бюджетін қысқартуды жақтайтын басқа да елдер көшбасшыларының ұстанымымен Италия, Испания, Франция және Польша басшылары келіспейді. Олар, атап айтқанда, экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлерді қолдауға және ауыл шаруашылығын дамытуға көбірек қаражат қарастыруды талап етіп отыр.
— Біз көбірек үлес қосып, азырақ алатын бюджетке өз қолымызды қоюға дайын емеспіз, - деп мәлімдеді Италия премьер-министрі Джорджа Мелони.
Оның пікірінше, қаржы мәселесі бойынша келісімге жету үшін «жарық жылдар» қажет болады.
Франция президенті Эмманюэль Макрон Мерц ұсынған бюджетті одан әрі қысқартуды «стратегиялық қателік» деп атады. Сонымен бірге ол жыл соңына дейін қаржы бойынша келісімге қол жеткізуге шақырды. Өйткені алдағы айларда Францияда 18 сәуірге белгіленген президент сайлауына байланысты оның талқылауға қатысуы қиындай түспек.
Айта кетейік, Брюссельдегі саммитте ЕО елдерінің көшбасшылары Еуропалық орталық банктегі тағайындаулар мәселесі бойынша консенсусқа қол жеткізді.
Еуропалық одақта алдағы жеті жылға арналған бюджетті қаржыландыру мәселесіне қатысты келіспеушіліктер күшейгенін жазған едік.