Еуропарламент ЕО бюджетін қысқарту жоспарына қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одақта алдағы жеті жылға арналған бюджетті қаржыландыру мәселесіне қатысты келіспеушіліктер күшейді. Еуропарламент одақтың бюджетін шамамен 10 пайызға қысқарту ұсынысына қарсы шығып, ЕО елдері басшыларының келісімін мақұлдамауы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Euronews жазды.

Еуропарламент
Фото: Unsplash

Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта 2028-2034 жылдарға арналған Еуропалық одақ бюджетін Еурокомиссияның бастапқы жобасымен салыстырғанда шамамен 204 млрд еуроға қысқартуды ұсынды. Соның нәтижесінде бюджет көлемі 2 трлн еуроға жуық деңгейден 1,78 трлн еуроға дейін азаюы мүмкін.

Бұл бастама ЕО елдері арасындағы ортақ келісімге қол жеткізу мақсатында ұсынылды. Германия, Нидерланд және Швеция бастаған бірқатар мемлекет шығындарды қысқартуды талап етіп отыр.

Алайда Еуропарламент депутаттары мұндай үнемдеуді шамадан тыс деп есептейді. Олардың пікірінше, қаржыландыруды қысқарту Еуропалық одақтың қауіпсіздікті нығайту және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру сияқты басымдықтарына қайшы келеді.

25 қарашада өткен баспасөз мәслихатында Еуропарламенттің бюджет жөніндегі келіссөздердегі өкілі Зигфрид Мурешан депутаттар мемлекеттер мен үкімет басшыларының келісімін автоматты түрде қолдауға ниетті емес екенін мәлімдеді.

— Премьер-министрлер Еуропарламентке не істеу керегін нұсқамауы керек, — деді Мурешан.

Ол Еуропа басшыларының қауіпсіздік пен экономиканы нығайтуға ниет білдіре отырып, дәл осы бағыттарға бөлінетін шығындарды қысқартуды ұсынуы арасындағы қайшылыққа назар аударды.

Сәуірде Еуропарламент ұзақ мерзімді бюджетке қатысты өз ұстанымын бекітіп, қаржыландыру көлемі кемінде 2,01 трлн еуро болуы қажет екенін мәлімдеген.

Еуропарламент бюджетті неге бұғаттауы мүмкін

Еуропалық одақтың жеті жылдық бюджетін бекіту үшін оған мүше мемлекеттердің бірауыздан келісімі және Еуропарламент депутаттарының басым көпшілігінің қолдауы қажет.

Демек, Еуропа елдерінің басшылары өзара келісімге келген күннің өзінде, парламенттің қолдауынсыз бюджет қабылданбайды.

Келіссөздерге Германия канцлері Фридрих Мерцтің ұстанымы да кедергі келтіріп отыр. Ол бюджет жөніндегі келісімді Украинаға қаржылай қолдау көрсету мәселесімен байланыстыруды талап етті. Бұл тәсіл ЕО-ға мүше бірқатар мемлекеттің қарсылығын туғызды.

Тараптар қандай мәселелер бойынша келісімге келе алады

Шығындар көлеміне қатысты келіспеушіліктерге қарамастан, Еуропарламент Коштаның ЕО-ның ортақ бюджетіне түсетін кірістің жаңа көздерін енгізу туралы ұсынысын қолдады.

Бастамалардың бірі ірі технологиялық компанияларға салынатын цифрлық қызметтер салығын қарастырады.

Алдын ала есеп бойынша, Коштаның ұсынысы жыл сайын шамамен 5 млрд еуро кіріс әкелуі мүмкін. Ал Еуропарламент цифрлық қызметтердің кең ауқымын қамтитын және салық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын нұсқаны ұсынып отыр. Депутаттардың есебінше, бұл жыл сайын 25 млрд еуроға дейін кіріс түсіруге мүмкіндік береді.

Еуропалық кеңес төрағасы ұсынған кіріс көздерінің бесеуі жыл сайын шамамен 60 млрд еуро қаражат әкелуі мүмкін.

Бұл қаржының бір бөлігі пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіруді қаржыландыру кезінде пайда болған ЕО-ның ортақ қарызын өтеуге бағытталмақ.

Еуропалық одақтың жаңа бюджетін талқылау 26-27 қарашада Брюссельде өтетін саммитте жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта Еуропалық одақтың 2028-2034 жылдарға арналған көпжылдық бюджетін тағы 44 млрд еуроға қысқартуды ұсынған еді.