Еуроодақтың жеті жылдық бюджетін тағы 44 млрд еуроға қысқарту ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта Еуропалық одақтың 2028-2034 жылдарға арналған көпжылдық бюджетін тағы 44 млрд еуроға қысқартуды ұсынды.
Бұл ұсыныс Ирландияның қазан айында ұсынған бюджеттік жобасымен салыстырғанда қосымша қысқартуды көздейді.
Жаңа жоспарға сәйкес, Еуроодақ бюджетінің жалпы көлемі Еуропалық комиссия 2025 жылғы шілдеде ұсынған бастапқы жобадан 204 млрд еуроға немесе 10,2%-ға азаяды. 2025 жылғы тұрақты бағамен есептегенде, бюджеттің жалпы көлемі шамамен 1,582 трлн еуроны құрайды.
Қазіргі келіссөздер барысында алғаш рет өңірлік даму мен экономикалық теңсіздікті азайтуға бағытталған саясат шығындарын шамамен 8 млрд еуроға қысқарту ұсынылды. Ал Бірыңғай ауыл шаруашылығы саясаты аясында фермерлерге берілетін тікелей субсидиялар іс жүзінде өзгеріссіз қалмақ.
Сонымен қатар бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағдарламасына бөлінетін қаржыны 20 млрд еуроға, сыртқы көмекті 7 млрд еуроға қысқарту жоспарланып отыр.
NextGenerationEU бағдарламасы аясында алынған Еуроодақтың ортақ қарызының бір бөлігін өтеуді кейінге қалдыру арқылы тағы 10 млрд еуро үнемдеу көзделген.
Бюджеттің қысқаруын өтеу және мүше мемлекеттердің жарналарының өсуін шектеу үшін Антониу Кошта ірі технологиялық компаниялардың айналымынан 3% мөлшерінде жаңа цифрлық алым енгізуді ұсынды.
Бұл алым әлемдік айналымы 750 млн еуродан, ал Еуроодақ аумағындағы цифрлық қызметтерден түсетін табысы 50 млн еуродан асатын компанияларға қолданылмақ.
Жаңа алым онлайн жарнамадан, цифрлық делдалдық қызметтерден және пайдаланушылар деректерін коммерциялық мақсатта қолданудан түсетін кірістерді қамтиды. Болжам бойынша, бұл шара жыл сайын шамамен 5 млрд еуро кіріс әкелуі мүмкін.
– Бұл ұсыныс қоғамымыз тап болып отырған сын-қатерлерге жауап береді және Еуропалық одаққа қажетті әрекет ету мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – деді Антониу Кошта құжатты таныстыру барысында.
Жаңа бюджеттік жоба 26-27 қарашада өтетін Еуропалық кеңестің кезектен тыс саммитінде талқыланады. Негізгі мақсат – жыл соңына дейін саяси келісімге қол жеткізу.
Ұсыныс бюджетті тереңірек қысқартуды талап ететін Германия, Нидерланд, Австрия және Солтүстік Еуропа мемлекеттері мен өңірлік даму және ауыл шаруашылығы шығындарын сақтауды жақтайтын Шығыс және Оңтүстік Еуропаның шамамен 17 елі арасындағы ұстанымдарды жақындатуға бағытталған.
Германия канцлері Фридрих Мерц ұсынылған қысқартуларды «алғашқы қадам» деп атап, бюджеттің жалпы көлемі әлі де тым жоғары екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Германия канцлері Фридрих Мерц Еуропалық комиссия ұсынған 2028-2034 жылдарға арналған бюджетті жүздеген миллиард еуроға қысқартуға шақырған еді. Германия, Нидерланд, Австрия және бірқатар Солтүстік Еуропа елдері Еуроодақ шығындарын азайтуды қолдап отыр.