ЕО Сыртқы істер министрлері Украинаға жаңа көмек көрсету туралы келісімге келе алмады

АСТАНА. KAZINFORM – Еуроодақ сыртқы істер министрлері Брюссельде өткен кездесуде Украинаға 40 млрд еуро көлеміндегі жаңа көмек пакеті бойынша келісімге келе алмады, деп хабарлайды DW

ЕО Сыртқы істер министрлері Украинаға жаңа көмек көрсету туралы келісімге келе алмады
Фото: Yves Herman/REUTERS

Бұл туралы дүйсенбі, 17 наурызда ЕО Кеңесінің отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді. 

Оның айтуынша, ЕО елдері арасында Украинаға жаңа көмек бөлуді кеңінен саяси қолдау байқалып отыр, бірақ пысықтауды қажет ететін көптеген егжей-тегжей бар. Каллас жақын арада бұл мәселеде ілгерілеушілік болады деп үміттенетінін қосып өтті. 

Бұған дейін Кая Каллас Украинаға 20-дан 40 млрд еуроға дейінгі көлемде жаңа әскери көмек пакетін ұсыну туралы бастаманы көтерген болатын, оған 2025 жылы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен зымырандарды жеткізу, сондай-ақ украиналық әскери бригадаларды оқыту мен жабдықтауды қамту кіруі тиіс болған.

Бұдан басқа, шамамен 5 млрд еуроға 2 млн артиллериялық снаряд жеткізу қарастырылған.

- 20 млрд еуро – Еуроодақтың Украинаға 2024 жылы бөлген сомасы, 40 млрд АҚШ-тың 2024 жылы 16 млрд бөлген көмектен бас тартуын өтейтін еді, - деп түсіндірді еуропалық дипломаттардың бірі брифингте.

Бұл көмек пакетінің бірінші нұсқасына наурыз айының басында Мажарстан тосқауыл қойды, содан кейін ЕО Украинаға әскери көмек көрсету үшін ерікті қор құруды ұсынды. 

Бұған дейін 17 наурызда Брюссельде ЕО Сыртқы істер кеңесі өтетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар