ЕО Сомалидің егемендігін құрметтеуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Брюссельде Израиль «тәуелсіз мемлекет» деп таныған Сомалиленд пен Сомали арасындағы келіспеушіліктерді реттеу үшін конструктивті диалогты қолдайтынын мәлімдеді. Ал Могадишода мұны өз егемендігіне «қасақана қол сұғу» деп айыптады, жазды DW.

ЕО Сомалидің егемендігін құрметтеуге шақырды
Фото: Анадолы

Еуропалық одақ Израильдің Сомалидің солтүстігіндегі Сомалиленд өңірін «тәуелсіз мемлекет» ретінде мойындауы аясында Сомалидің егемендігін құрметтеу қажет екенін алға тартты. Бұл туралы Еурокомиссияның өкілі Ануар әл-Ануни мәлімдеді.

Басылымның жазуынша, Брюссельде «Сомали Федеративтік Республикасының конституциясына, Африка одағы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғыларына сәйкес оның бірлігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына құрметпен қараудың маңыздылығын тағы да растайды», — деп ЕК өкілінің сөзін AFP агенттігі келтірді.

— Бұл Африка Мүйісі өңіріндегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін аса маңызды. ЕО көп жылдан бері жалғасып келе жатқан келіспеушіліктерді реттеу мақсатында Сомалиленд пен Сомалидің федералдық үкіметі арасындағы конструктивті диалогты қолдайды, — деп қосты Ануар әл-Ануни.

Сондай-ақ Дохада Таяу Шығыс пен Африка елдерінің басым бөлігін қамтитын 20-дан астам мемлекет пен Ислам ынтымақтастығы ұйымының бірлескен мәлімдемесі жарияланды. Құжатта Израильдің бұл шешімі «Африка Мүйісі мен Қызыл теңіз аймағындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке ауыр салдар әкелуі мүмкін және жалпы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі әсер етеді» деген уәжбен қабылданбайтыны айтылған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 29 желтоқсанда аталған жағдайға байланысты шұғыл отырыс өткізеді.

Еске салайық, Шығыс Африкадағы өзін-өзі жариялаған Сомалиленд Республикасы Израиль тарапынан «тәуелсіз әрі егемен» мемлекет ретінде танылды.

Айта кетейік, БҰҰ Сомалиге қолдау көрсету үшін 1,6 млрд долларлық гуманитарлық жоспарын іске қосты.

Соңғы жаңалықтар