ЕО Трамп тарифтері салдарынан 13,1 млрд еуро шығынға ұшырауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық вискиге 50 пайыздық баж салығына жауап ретінде Еуропалық Одақтың алкоголь өнімдеріне 200 пайыздық баж салығын енгізетінін айтып қорқытты.

экономика
Фото: cisnews.org

- Әлемдегі ең жауыз және қатыгез салық және тариф органдарының бірі Еуропалық Одақ вискиге жиіркенішті 50% баж салығын енгізді. Егер бұл тариф дереу жойылмаса, АҚШ жақын арада Франциядан және ЕО-ға мүше басқа елдерден келетін барлық шарапқа, шампанға және спирттік ішімдіктерге 200% баж салығын енгізеді. Бұл АҚШ-тағы шарап бизнесі үшін өте тиімді болады, - деп жазды Дональд Трамп Truth Social-да.

Халықаралық сауда орталығының мәліметінше, Құрама Штаттар - еуропалық алкоголь өндірушілері үшін ең маңызды экспорттық бағыт. 2024 жылы Америка ЕО-дан 13,1 млрд еуроға алкогольдік сусындарды импорттады, деп хабарлайды Euronews.

Оның 5,2 млрд еуросы шарапқа тиесілі, бұл ЕО-дан жалпы шарап экспортының шамамен 20%-ын құрайды.

АҚШ-қа еуропалық экспорттың жалпы көлемінің 22%-ын құрайтын 5,1 млрд еуро сомасына спирттік ішімдіктер экспортталды.

Штаттарға экспортталатын сыраның үлесі жоғары емес – 1,1 млрд еуро, сатылған жалпы көлемнің шамамен 12%-ы.

Атап өтілгендей, ЕО АҚШ-тың еуропалық металдарға енгізген баж салығына жауап ретінде 2018 жылы алғаш рет америкалық вискиге 25% баж салығын енгізді, бұл АҚШ-тың Еуропаға алкоголь экспортының күрт төмендеуіне әкелді. Бұл шара 2021 жылы тоқтатылды.

Бұған дейін Трамптың Канададан, Мексикадан, Қытайдан импортталатын жаңа тарифтері күшіне енгенін жазған болатынбыз.

Одан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Сауда министріне Канададан импортталатын болат пен алюминийге 50 пайызға дейін қосымша баж салығын енгізуді тапсырғанын жариялады.

 

Соңғы жаңалықтар