ЕО жобасының сарапшылары 2016-2020 жылдарға арналған Аумақтарды дамыту бағдарламасын ұсынды - Қызылорда
Оған «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасының жетекшісі Колм МакКлементс, Қызылорда облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова, ҚР Ұлттық экономика министрлігі өңіраралық ынтымақтастық, өңірлерді талдау және бағалау департаментінің басшысы Сәуле Махатаева қатысты. Жоба сарапшылары 2016-2020 жылдарға арналған Аумақтарды дамыту бағдарламасын әзірлеуге бағытталған өз жұмыс нәтижелерін ұсынды.
Қатысушылар конференция барысында облыстың түрлі бөліктері арасындағы айырмашылықтарды айқындау және болашақ мақсаттар мен мемлекеттік қаражат бөлінетін іс-қимылдарды белгілеу үшін облыстағы экономикалық және әлеуметтік жағдайға талдау жүргізудің үздік жолдарын талқылады.
«Өңірді дамыту мемлекеттік әкімшіліктің түрлі деңгейлері, азаматтық қоғам және экономикалық мүдделі мекемелер арасындағы күшті серіктестікті талап етеді. Мен Қызылорда өз облысын ғана емес, сонымен қоса серіктес аймақтарды да өз тәжірибесімен таныстыруға деген құштарлығына әсерлендім», - деді «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасының жетекшісі Колм МакКлементс.
2015 жылы сәуірде басталған ЕО жобасының қолдау бағдарламасы Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарына көмекке бағытталған. Жоба аясында Қызылорда облысының әкімдігі Аумақтарды дамыту бағдарламасының (АДБ) жақсартылған үлгісін алады. ЕО жобасы сарапшыларының қолдауы алдағы бес жыл көлемінде Аумақтарды дамыту бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын анықтауды қамтиды. Осының шеңберінде балық шаруашалығын және күріш өсіруді дамыту жөніндегі жоспарларды, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешендердің бәсекеге қабілеттігін арттыруға серпін беріледі. Бұнымен қоса, алдағы жылы облыс үшін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің қандай пайдасы болатындығын анықтау міндеті тұр. Айта кетейік, жобаны Еуропалық одақ қаржыландырады.