ЕО мен АҚШ сауда келісімі бойынша жұмысын жеделдетеді
АСТАНА. KAZINFORM — Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Канададағы G7 саммитінде АҚШ президенті Дональд Трамппен негізгі сауда мәселелерін талқылағанын және тариф бойынша келісімге келу үшін жұмыс топтарына келіссөз процесін жеделдетуді тапсырғанын айтты, деп хабарлайды Анадолы.

Саммитке қатысқаннан кейін әлеуметтік желідегі жазбасында Урсула фон дер Ляйен саммит серіктестер арасында терең және сындарлы талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
— Мен президент Трамппен Украинадағы жағдайдан бастап саудаға дейінгі маңызды мәселелерді талқыладым, — деді ол.
Еурокомиссия төрағасы жұмыс топтарына әділ және өзара тиімді сауда келісіміне қол жеткізу үшін жұмысын жеделдетуді тапсырғанын қоса айтты.
2 сәуірде Трамп ондаған елге, соның ішінде ЕО мемлекеттеріне 10-нан 50 пайызға дейін импорттық баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Кейінірек ол 75-тен астам ел үшін тарифтерді 90 күнге кешіктіруге шешім қабылдады. Сонымен қатар, АҚШ болат, алюминий және туынды өнімдерге, сондай-ақ ЕО-дан келетін көліктерге 25 пайыздық баж салығын енгізді. Бұған жауап ретінде Еуропалық Одақ америкалық тауарлардың экспортына қарсы шаралар енгізу жоспарын жариялады.
23 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп 1 маусымнан бастап ЕО тауарларына 50 пайыздық баж салығын енгізу ниеті туралы мәлімдеді, бірақ фон дер Ляйенмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін АҚШ бұл тарифтерді енгізуді 9 шілдеге қалдыру туралы шешім қабылдады. Осы уақыттың барлығында тараптар келісім бойынша белсенді келіссөз жүргізді.