Эпилепсия — үкім емес: Қазақстанда дертке шалдыққандар саны неге артып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда эпилепсия дертіне шалдыққандар саны артып келеді. Бұл туралы дәрігер-эпилептолог Ғазиз Қырғызбайұлы Jibek Joly телеарнасының «Bugin LIVE» бағдарламасында айтты.

Астанада эпилепсиямен ауыратын 10 жүргізуші куәлігінен айырылды
Фото: Астана қаласының прокуратурасы

Дәрігердің айтуынша, эпилепсия — бұл жас таңдамайтын созылмалы неврологиялық сырқат. Бүгінде әлемде 50 миллионнан астам адам осы дертпен өмір сүріп жатыр.

Статистика не дейді?

Қазақстандағы ресми деректерге сүйенсек, 2013 жылы бұл дертпен есепте тұрғандар саны айтарлықтай аз болса, 2020 жылы олардың көрсеткіші 82 мың адамға жеткен. Маман бұл өсімді диагностиканың жақсаруымен және сырқаттың жаңа түрлерінің анықталуымен байланыстырады.

— Эпилепсияның пайда болуында екі негізгі кезең бар: біріншісі — 10 жасқа дейінгі балалар, екіншісі — 50 жастан асқан ересектер. Балаларда бұл көбіне генетикалық факторлар, инфекциялар немесе босану кезіндегі жарақаттардан болса, ересектерде инсульт пен ми ісіктерінің салдарынан туындайды, — дейді Ғазиз Қырғызбайұлы.

Ғазиз Қырғызбайұлы
Фото: Видеодан скрин

Эпилептологтың айтуынша, жағдайлардың 50 пайызында дерттің түпкі себебі белгісіз болып қала береді. Бірақ жүктілікке дайындық, ана денсаулығын бақылау және босану кезіндегі қауіпсіздік шаралары дерттің алдын алуда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ алкоголь, есірткі сияқты зиянды әдеттер ми жұмысына кері әсер етіп, патологиялық сигналдардың пайда болуына түрткі болады.

Қоғамдағы стигма және «Күлгін күн»

Маман қоғамда қалыптасқан «эпилепсиямен ауыратындар — психикалық науқастар» деген қате түсінікпен күресу керектігін баса айтты.

26 наурыз — Күлгін күн, яғни бұл күні бүкіл әлемде эпилепсия туралы ақпараттандыру шаралары өтеді. Көпшілік бұл адамдарды «дәріге тәуелді, қоғамға жарамсыз» деп есептейді. Алайда дұрыс ем қабылдаған жағдайда науқастар ел қатарлы жұмыс істеп, отбасын құрып, бала сүюге толық құқылы.

Қазақстандағы дәрі-дәрмек тапшылығы

Дәрігер еліміздегі емдеу ісіндегі басты кедергі ретінде дәрі-дәрмек қолжетімсіздігін атап өтті.

— Әлемде эпилепсияны бұғаттайтын 30-дан астам дәрі болса, Қазақстанда соның тек 13 түрі ғана тіркелген. Сондықтан бізде ұстаманы тоқтату көрсеткіші әлемдік деңгейден 70% дан төмен болуы мүмкін, — деді сарапшы.

Егер дәрілік ем көмектеспесе, хирургиялық әдіс қолданылады. Бұл ем детективтің жұмысына ұқсайды. Дәрігерлер мидың ішіне арнайы сымдар енгізу арқылы патологиялық сигнал шығып жатқан нүктені анықтап, оны ота арқылы алып тастайды.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанда 45 мыңнан аса адам эпилепсияға шалдыққанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар