Эр-Рияд әуежайына жасалған жаңа шабуылдан үш адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының билігі мен ұлттық әуе тасымалдаушысы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған жаңа шабуылдарға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Бейсенбі күні Эр-Риядтағы Король Халид атындағы әуежайға жасалған екі шабуылдан Сауд Арабиясының үш азаматы қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.
Бұл туралы жұма күні корольдіктің Азаматтық авиация бас басқармасы жариялаған мәлімдемеде айтылған.
#بيان بشأن استهداف مرافق مطار الملك خالد الدولي وطائرة تابعة للخطوط السعودية. #الطيران_المدني https://t.co/PPB2d6igZw
— هيئة الطيران المدني (@ksagaca) October 9, 2026
Ведомство мәліметінше, алғашқы шабуыл әуежай нысандарына, ал екіншісі Сауд Арабиясының ұлттық әуе тасымалдаушысы Saudia компаниясының ұшағына бағытталған.
Жараланғандар арасында Сауд Арабиясының азаматтары мен корольдікте тұратын шетелдіктер бар. Зардап шеккендердің нақты саны айтылмады. Олардың жарақаты жеңілден бастап ауыр, өміріне қауіп төндіретін деңгейге дейін жетеді. Барлығы ауруханаға жеткізілген.
Материал жарияланған сәтте Сауд Арабиясының Азаматтық авиация бас басқармасы жараланғандар арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы туралы Kazinform агенттігінің сауалына жауап бермеген.
Saudia әуе компаниясы өз қызметкерлерінің бірі қаза тапқанын және жерде тұрған ұшақтың бүлінгенін растады.
— Оқиға кезінде ұшақ бортында жолаушылар болған жоқ, — делінген әуе тасымалдаушының мәлімдемесінде.
Obituary https://t.co/rQHVaVsCx9
— Saudia Group | مجموعة السعودية (@SaudiaGroup) October 9, 2026
Шабуылдардан кейін әуе компаниясы тиісті органдармен бірлесіп, шұғыл әрекет ету шараларын қолға алды. Saudia мәліметінше, 8 қазан, бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00–ден бастап әуежайдағы рейстер мен компания жұмысы қалыпты кестеге оралған.
Азаматтық авиация бас басқармасы әуежай жұмысы қайта жанданып, әуе қозғалысы қалыпқа келгенін хабарлады. Қазір мекеме келтірілген шығын көлемін анықтап, әуежай нысандарының қауіпсіздігін тексеріп жатыр. Екі мәлімдемеде де шабуылды кімнің жасағаны және қандай қару қолданылғаны айтылмаған.
Бұл ретте шабуылдардың салдары халықаралық әуе қатынасындағы рейстер кестесіне әсер етіп отыр.
Al Jazeera мәліметінше, 9 қазанда кемінде 103 рейс тоқтатылған. Ал бір күн бұрын бұл көрсеткіш 335-ке жеткен. Эр-Риядқа бағыт алған кейбір ұшақтар басқа әуежайларға бұрылған.
Air India әуе компаниясы Сауд Арабиясының астанасына қатынайтын және кері бағыттағы рейстерді демалыс күндеріне дейін тоқтататынын хабарлады. Al Jazeera басылымының Reuters агенттігіне сілтеме жасап жазуынша, Lufthansa компаниясы Эр-Риядқа ұшатын рейстерін 16 қазанға дейін тоқтатқан.
Бұл жағдай Йемендегі хуситтер тобының Сауд Арабиясына зымыран соққыларын күшейтіп, елдің әуе кеңістігін жабуға әрекет жасауымен тұспа-тұс келді. Аймақтағы ахуал АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстан туындаған соғыстың өршуіне байланысты одан әрі шиеленісіп отыр.
Хуситтерге қатысы бар ресми тұлғалар мен БАҚ-тың хабарлауынша, жұмаға қараған түні Сауд Арабиясының әскери ұшақтары Йемен астанасы Сана қаласындағы хуситтер нысандарына соққы жасаған. Ал бейсенбі күні Сауд Арабиясының күштері Эр-Риядқа бағытталған екі баллистикалық зымыранды және Хамис-Мушайт қаласына қарай ұшқан тағы бір зымыранды қағып түсірген.
Еске сала кетейік, 7 қазанда Сауд Арабиясының билігі 6-7 қазан күндері Абха және Король Халид атындағы әуежайларға екі бөлек шабуыл жасалғанын хабарлаған еді. Шабуылдардан Судан азаматы және Марокко мен Алжирден келген екі әйел қаза тауып, тағы 36 адам жарақат алды.