Ер туған жерін барып саялайды - Қызылорда

Оралмандар көп ретте жақын шет елдерден келеді. Мәселен, осы уақыт аралығында Өзбекстаннан 3642 отбасы, Түрікменстаннан 55 отбасы, Ресейден 66 отбасы елге оралған. Сондай-ақ Түркиядан, Монғолиядан, Ираннан, Ауғанстаннан және Қытайдан туған жерге ат басын бұрғандар саны да жетерлік. Осы мерзім ішінде Сыр өңіріне квотадан тыс құрамында 2817 адамы бар 1049 отбасы көшіп келген.
ҚР Үкіметінің үстіміздегі жылғы 5 ақпандағы қаулысына сәйкес биыл облыс бойынша көшіп келу квотасы 500 отбасына бекітілген болатын. Жыл басынан бері көші-қон департаменті жанынан құрылған комиссияның 7 отырысы өткізіліп, онда құрамында 420 адамы бар 85 отбасы мүшелеріне «оралман» мәртебесі берілді. Елге көш басын бұрып, туған жердің қасиетті топырағын басқан оралмандарға көмек көрсетуге есепті мерзімде 57,2 млн. теңге жұмсалады деп жоспарланған болатын. Бүгінге дейін осы қаржының 50,8 млн. теңгесі, яғни 88,8 пайызы игерілді. Бірқатар отбасылар көшіп келу шараларына берілетін жәрдемақылармен қамтамасыз етілді. Квотаға енген көптеген оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құжаттарын уақытылы өткізіп, оның нақты нәтижелерін күтуде.
Көшіп келген оралмандардың еңбекке жарамды жастағылары 10568 адамды құрайды. Олардың 4500-і түрлі салаларда еңбек етеді. Еңбекке жарамды жандардың 587-сі білім, 323-і медицина, 481-і жеке кәсіпкерлік, 357-сі ауыл шаруашылығы саласында өз несібелерін теріп келеді. Және бір айта кетерлігі, оралмандар арасында жеке қолөнермен, мал өсірумен, сауда-саттықпен, ұсталықпен айналысатындар баршылық. Жоғары білімділері де, тіпті бастауыш білімі жоқтар да кездеседі. Осыған орай, оралмандар арасында түрлі шаралар іске асырылуда. Оралмандарға нақты көмектер көрсету, оларды белгілі бір кәсіби мамандыққа шыңдап, жаңа ортаға бейімдеу шаралары, шетте жүрген қандастарды атамекенге оралту барысында бірқатар елшіліктермен байланыс орнату секілді жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұрын елге оралу үшін комитет арқылы департаментке тіркелген, алайда, кейін хабарсыз қалғандармен үгіт-насихат жұмыстары бір жүйеге түскен.
- Облыс әкімінің қаулысымен облыс әкімдігінің жанынан оралмандар істері жөніндегі кеңес құрылды, - дейді көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің директоры Салхадин Мырзабеков. - Оның негізгі мақсаты - оралмандарды бейімдеу мен орналастыру үшін жағдай жасау, қандайда бір болмасын түйінді мәселелерді шешу және оларды әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың қызметін үйлестіру болып табылады. Оның құрамында, әрине, оралмандар өкілдері де бар. Осы Кеңестің жүргізген нақты жұмысының нәтижесінде өткен жылы 3 оралман отбасы пәтермен қамтамасыз етілді.
Облыста оралмандардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, оларға қолдау көрсету барысында «Дидар» қоғамдық қоры құрылған болатын. Осы қор арқылы департаменттің түрлі нұсқаулықтары шығарылып, таратылды. Департамент басшылары шет елде болып, ондағы қандастарымызға елге оралғанда жасалатын жағдай, көрсетілетін көмек жайлы түрлі ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Елде жүргізіліп жатқан «Нұрлы көш» бағдарламасының жай-күйімен таныстырды. Осы бағдарлама аясында Сыр өңіріндегі оралмандардың Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарына белгіленген мамандықтар бойынша жұмысқа жіберілетіні жайлы айтылды.
Облыстық мәслихаттың 2008 жылғы 26 желтоқсандағы шешімімен дайындалған 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» аумақтық бағдарламасы бекітілген. Осыған орай Сыр өңіріндегі оралмандарды Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында аталған бағдарламаны жүзеге асыруға жұмылдыру көзделген болатын. Бағдарлама авторлары туындаған мәселелерді ескере отырып, оны нақты жүзеге асыру шараларын белгіледі. Осы «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру барысында мемлекеттік бюджеттен қаралған қаржыға сәйкес 2011 жылы «Қызылорда-Аэропорт» күре жолының жиегіне орналасқан «Ақсуат» елді мекенінен 1175 гектар жер бөлінбекші. Оған 500 отбасына тұрғын үй салу жүзеге асырылады. Жасыл желекпен көмкерілген оралмандар ауылында тұрмысқа қажетті нысандардың барлығын да салу көзделуде.
Оралмандар барлық жағынан қолдауға ие. Жыл басынан бері 112 отбасына 1357,1 мың теңге балалар жәрдемақысы, 37 оралманға 551 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек, 72 адамға 377,6 мың теңге көлемінде тұрғын үй көмегі төленді.
Рас, оралмандарға жасалып жатқан жағдайдың бәрі керемет деп айта алмаймыз. Кемшіліктер де бар. Жайлы пәтерге жылдар бойы қол жеткізе алмай жүргендер де, нақты жұмысқа орналаса алмай жүргендер де көп кездеседі. «Көш жүре түзеледі» деген емес пе? Кейде мынадай қызық жәйттер де ұшырасады. Кей отбасылар екі облыстан қатар көшіп келу квотасына еніп, жәрдемақыны екі рет алады. Аймақта осындай жәрдемақымен 28 адамның қамтамасыз етілгені анықталып, оларға заңсыз төленген 1950,7 мың теңге көлеміндегі қаржы республикалық бюджетке қайтарылды.
Елбасының Жолдауын насихаттау, көші-қон саясатының мәселелері, ондағы өзгерістер жайлы жергілікті тұрғындармен, оралмандармен кездесулер, «дөңгелек үстелдер», бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірнеше рет түсініктеме жұмыстарын жүргізген департамент басшылары оралмандар мәселелері қашанда басты кезекте тұратынын айтады. Елім деп туған жер, Атамекенге оралған қандастардың хал-жағдайын жақсарту - олар үшін бұлжымас қағида.