Ералы Тоғжанов: Бибі-Ананың біздің қоғамға сіңірген еңбегі орасан зор
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жазушы, қоғам қайраткері Бибігүл Иманғазинаға арналған шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Белгілі жазушы, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Иманғазинаның 80 жылдығына арналған «Биік тұлға, Бибі-Ана!» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жүсіп Нұртөре, қазақстандық жазушылар, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, Бибігүл Иманғазинаның туыстары мен жақындары қатысты.
Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан Бибігүл Иманғазина адамдарды өзінің өмірлік үлгісімен, рухани төзімділігімен шабыттандыратынын, қиын өмірлік жағдайға тап болғандардың барлығына қолдау көрсеткенін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, журналист, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ақын Ғалым Жайлыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Ертай Ашықбаев құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты рәсім барысында Бибігүл Иманғазинаның және ол басқаратын «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының қызметі туралы деректі фильм көрсетілді. Қор 90-шы жылдардың басында мүгедек аналардың мәселелерін шешу үшін құрылған. 25 жыл ішінде Бибігүл Иманғазина мыңдаған отбасылардың мәселелерімен тікелей айналысады, мүгедек аналардың балаларына жоғары білім алуға мүмкіндік берді, жүздеген балаларды ЖОО-ға орналастыруға қатысып, көптеген жерлестері үшін тірек және қолдау болды. Ол 20 жыл бұрын тоқ соғып, екі қолынан айырылған Шалқар ауданының тұрғыны Тайбек Өтегеновке бағыт-бағдар беріп, оның рухын көтеруге көмектесті. Бүгінде Тайбек Өтегенов өз бетінше шаруасын дөңгелеткен, тауық өсіріп, оның еті мен жұмыртқасын сатып, кәсіп жасап отыр, есімі облыс қана емес, елімізге белгілі. Бұл шексіз мейірімділіктің, Бибі-Ана көрсеткен тәлімгерлік мысалдардардың бірі ғана.

Шығармашылық кешке келген көрермендердің сұрақтарына жауап бере отырып, Бибі-Ана отыз жыл бойы мұқтаж жандарға көмектесуге не нәрсе күш бергенін айтты, өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарға бей-жай қарай алмайтынын жеткізді, өйткені ол өмірінде көптеген қиындықтарды бастан өткерген.
«Мен әрқашан көмекке келгендердің көз жасын тыю үшін барымды саламын. Олар өмірдегі қиындықтарды жеңіп, әділетсіздіктерге кезікпегенін қалаймын. Осы отыз жыл ішінде мен ешқашан билік басындағылардың алдында жеке мәселелерімді көтерген емеспін, тек халықтың ұмтылыстары мен қажеттіліктері туралы айттым. Менің миссиям – осы», - деді Бибігүл Иманғазина.
Бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Иманғазина елімізде Бибі-Ана есімімен танымал. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «АЛАШ» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері 1942 жылы 24 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген.
