Ерасыл Әубәкіровті өлтірді деген күдікпен ұсталғандарды қамауға алу мерзімі ұзартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ерасыл Әубәкіровты өлтіру ісі бойынша ұсталған төрт адамды қамауға алу мерзімі үш айға ұзартылды.
Астанадағы №2 Алматы аудандық соты медициналық университеттің студенті Е.Әубәкіровты өлтіру ісі бойынша күдікті азаматтарды қамауға алу мерзімін 3 айға ұзартты, деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.
«Ұсталғандар - Мейірбаев, Әжімбай, Тихоненко, Шерстенев ҚР ҚК-нің 99-бабындағы 2-бөлімінің 7-тармақшасымен (адамдар тобының алдын ала келісіп адам өлтіруі) қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда күдікті деп танылды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Астанадағы медициналық университеттің студенті Ерасыл Әубәкіров 3 ақпан күні жоғалып кеткен болатын. Оны іздеуге көптеген ерікті атсалысты. 10 ақпанда Астана қалалық ІІД-нің қызметкерлері жедел-іздеу шараларын өткізу барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған бозбаланың мүрдесін анықтады.