Ербаян Мұхтардың денсаулығы толық не ішінара қалпына келетіндей мүмкіндік бар ма
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында әскерде жүріп комаға түскен Ербаян Мұхтардың оңалып кету мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
— Ербаян Мұхтардың денсаулығы толық немесе ішінара қалпына келетіндей мүмкіндік бар ма? — деп сұрады журналист.
Вице-министр жауабын «өкінішке қарай» деген сөзбен бастады.
— Өкінішке қарай, науқасымыз өте ауыр жарақат алған. Мамандардың бағалауынша, оның оңалып кету әлеуеті сонша үлкен емес. Ол көрсеткішті үнемі қайта-қайта бағалап отыру керек. Жуықта ғана Түркиядағы клиникадан келді. Өкінішке қарай, ол жақта қандай оңалту қызметін алғанын айта алмаймын. Үйіне жеткіздік. Кез келген мемлекет өз азаматтарын шетелден аса жайлы санитарлық ұшақпен алдыра алмайтынын түсіну керек. Маңайдағы көрші елдердің ішінде ондай қызмет ұсына алатын елдер аз, — деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай санитариялық көліктің бір ұшқанының өзі 50-60 млн теңгеге шығады.
— Денсаулық сақтау министрлігі бұл жолы ол азаматтың емін де ішінара өтеп берді. Мемлекет ем бағасы қанша болғанына қарамастан азаматтарымыз үшін бәрін жасауға әзір. Мамандар тобы мен сарапшылар бұл науқасты әрі қарай да емдей береді. Бұдан әрі оңалту жұмыстары қай бағытта, қандай тәсілмен жүру керектігін бағалайды. Осы тәсілмен шешім шығарады, — деді вице-министр.
Айта кетейік, бүгін Үкімет халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын талқылады.