Ербол Махамбетов: Қазақстандағы нейрохиругия саласы әлемдік жоғары деңгейде

Ербол Махамбетов
Фото: Е. Махамбетовтің жеке мұрағатынан

Жақында елордада «Жақсы адам-2023» арнайы сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. «ҚР Президент» Телерадиокешеніне» қарасты Jibek joly телеарнасының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі іс-шара биыл екінші рет ұйымдастырылды. Телеарна көрермендердің көзайымына айналған «Жақсы адамдарым» бағдарламасының осы жылғы қорытындысын шығарып, қайсарлығымен әрі білімімен танылған нағыз таланттар мен мықты мамандарды марапаттады. Осы дәстүрлі іс-шарада түрлі саладағы 7 адамға арнайы сыйлық тапсырылды. Олардың арасында Ұлттық нейрохирургия орталығы Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Махамбетов те бар. Осы ретте, адам жанының арашасы, еліміздегі нейрохирургияда аса күрделі ауруларды емдеудің инновациялық тәсілдерін енгізген маманмен болған сұхбатты көпшілік назарына ұсынып отырмыз.

- Ербол Тарғынұлы, өзіңіз қызмет етіп жүрген Ұлттық нейрохирургия орталығында қандай оңтайлы өзгерістер болып жатыр?

- 2008 жылы Ұлттық нейрохирургия орталығының негізі қаланған болатын. Қазір осы орталық денсаулық сақтау саласындағы инновациялық жетекші мекемелердің бірі саналады. Бастапқы 5-7 жылдың ішінде бізде 70 инновациялық технология енгізілді. Кейін осы озық тәжірибенің барлығын Қазақстан аумағындағы барша нейрохирургия бөлімдеріне тараттық. Қазір елімізде медицинаның осы бағыты жақсы дамып келеді. Менің ойымша, әлемдегі ең үздік нейрохирургиялық орталықтармен салыстырсақ, біздің орталық олардан кем түспейді.

- Осы жылы сіз жетекшілік етіп отырған бөлімшеде қанша операция жасалды?

- Жыл сайын Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінде 600 шамасында процедура болады. Оның ішінде жаңа инновациялық технологиялар аясында 300-ден астам күрделі операция жасалады. Осыны үлкен жетістік деп санаймын. Жалпы, біздің орталыққа енгізілген заманауи технологиялар науқастардың тез сауығып шығуына әсер етеді. Инвазивтік әсері төмен операциялардан кейін науқастар оңалту кезеңінен тез өтіп, аяғына тұрады. Сонымен қатар, бас сүйегін тесіп операция жасаймыз. Атап айтқанда, қазір әлемде жасалып жатқан күрделі операциялар бізде де бар. Мәселен, жылда медицинада жаңа технологиялар пайда болып жатады. Ал осы жаңа тәсілдерді ауруханаларға енгізу үшін 5-10 жыл уақыт керек. Бізде инновациялық технологиялармен операция жасау бағытында жыл сайын жаңа құрылғылар мен жабдықтар аламыз. Екі жыл бұрын біздің Орталықта «Гамма-пышақ» заманауи кешені жұмыс істей бастады. Қазақстанда осындай жоғары технологиялық жабдықтары бар.

Ербол Махамбетов
Фото: Е. Махамбетовтің жеке мұрағатынан

- Өңірлердегі әріптестеріңізге қандай қолдау жасап жүрсіздер?

- Ұлттық нейрохирургия орталығына бүкіл Қазақстан өңірлерінен жас дәрігерлер тұрақты түрде келіп, білімін жетілдіріп жатады. Біз де басқа қалаларға барып, операция жасап, саладағы жаңа тәсілдерді түсіндіреміз. Бізде мықты мамандар жеткілікті. Орталықта 10 жылдан астам уақыт қызмет екен мамандар қазір басқа қалаларға ауысып, нейрохирургия бөлімдерін басқаруға барып жатыр. Біздің технологияларды өңірлердегі ауруханаларға таратып отыр.

- Сіздер инсультке жол бермеу үшін алдын ала операция жасайсыздар. Қазір осы дерт жастар арасында жиі кездесіп жатыр деген пікірмен келісесіз бе?

- Кейінгі 10-15 жылда диагностика тәсілдері елеулі түрде өзгерді, яғни инсультті тексеруге қатысты әдістер жақсарды. Сондықтан инсультті анықтау көрсеткіші жақсарғаннан кейін, ауруға шалдыққандар көбейіп жатыр деген әсер болуы мүмкін.

Ербол Махамбетов
Фото: Е. Махамбетовтің жеке мұрағатынан

- Жақында «Жақсы адам-2023» арнайы сыйлығын алдыңыз. Осындай жобалар қоғамға қалай әсер етеді деп санайсыз?

- Мен үшін бұл марапатты алу тосын сый болды. Сондықтан осы сыйлыққа лайық азамат ретінде таңдап, ескеріп жатқандары үшін алғыс айтамын. Негізі, осындай марапатқа лайық менен басқа да дәрігерлер еліміздің медицина саласында аз емес. Ұлттық нейрохирургия орталығында қызмет етіп жүргеніме 15 жыл болыпты. Жалпы, осы жылдар ішінде отандық медицинаға әкелген жаңалықтар бағаланды деп санаймын. Атап айтқанда, кез келген мықты маманды қоғамда елеп-ескеріп жатса, бұл оның жұмысын ынталандыра түседі. Осы орайда, әр адам өз саласында инновациялық тәсілдерді енгізуге, қызметінде жаңа жетістіктерді көрсетуге талпынатыны анық. Өзім де Қазақстанда нейрохирургия саласын ілгерілетуге бар-күш жерімді саламын.

- Әңгімеңізге рақмет!

жақсы адам
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар