Ербол Мырзабосынов: Қазақстан әлемдік паралимпиадалық аренада беделге ие
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан өкілдері Азия Паралимпиадалық комитетінің құрылымдарында негізгі позицияларды иеленіп, маңызды шешімдерді әзірлеуге белсенді қатысып отыр.

Бұл туралы Қазақстан туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астанада өтіп жатқан Азия Паралимпиада комитетінің (АПК) Конференциясы мен 8-ші Бас Ассамблеясы ашылу салтанатында айтты.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Қазақстан әлемдік паралимпиадалық аренада беделге ие.
— Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиадалық комитеті 2002 жылдан бастап белсенді жұмыс істеп келеді. Біздің елдің өкілдері Азия Паралимпиадалық комитетінің құрылымдарында негізгі позицияларды иеленіп, маңызды шешімдерді әзірлеуге белсенді қатысып отыр, — деді министр өз сөзінде.

Мырзабосынов еліміздегі паралимпиадалық спорттың дамуы туралы тоқталды.
— Қазақстанда тоғыз паралимпиадалық спорт түрі дамыған. Жыл сайын бұл сала 10 мыңға жуық адамды қамтиды. 80-нен астам халықаралық және 56 республикалық жарыстар өткізіледі. Қазақстандық паралимпиадашылардың жетістіктері де жоғары. Аты аңызға айналған Зүлфия Ғабидуллина, Александр Колядин, Давид Дегтярев, Ақмарал Науатбек сынды спортшылардың алтын жүлделерін ерекше атап өту қажет. Олардың жеңісі мен жігері жаңа буын спортшыларына шабыт беріп, қанат бітіреді. Мұндай нәтижелерге жүйелі жұмыс пен мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілді, — деді ол.
ҚР туризм және спорт министрі халқаралық әріптестікке мүдделі екенін айтты.
— Біз Халықаралық Паралимпиадалық комитетпен (IPC) және Азия Паралимпиадалық комитетімен (APC) тығыз әріптестікке мүдделіміз. Халықаралық жарыстарды өткізу, төрешілер мен жаттықтырушылар құрамын дамыту, білім беру бастамалары мен дайындық бағдарламаларына қатысу — басты назарымызда, — деді Мырзабосынов.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан алғаш рет Азия Паралимпиада комитетінің (АПК) Конференциясы мен Бас Ассамблеясын өткізіп жатыр.