Ербол Мырзабосынов семсерлесуден тарихи нәтиже тіркеген команданы марапаттады
АСТАНА. KAZINFORM – Ербол Мырзабосынов биыл Тбилиси қаласында өткен семсерлесуден әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Қазақстан Ұлттық құрамасымен кездесті. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министр спортшыларды тарихи жетістікке жетуімен құттықтады. Бәсекенің үшінші орны үшін кездесуде команда сапындағы Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов пен Кирилл Проходов тоғыз дүркін Олимпиада чемпионы Франция құрамасын сенімді жеңген.
Сала басшысы Қазақстан семсерлесу федерациясының президентіне, Мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасовқа алғыс білдірді. Сонымен қатар министр Ұлттық құраманың табысына былтыр командаға арнайы шақырылған маман Александр Горбачуктың айрықша үлес қосқанын атап өтті. Еске сала кетейік, оның жетекшілігімен Жапония құрамасы Токио мен Париждегі Олимпиадада, сондай-ақ 2018 және 2022 жылғы жазғы Азия ойындарында чемпион атанған.
— Семсерлесу федерациясының жұмысы арқылы қазір біз Мемлекет басшысының шетелдік жаттықтырушы тәжірибесін тиімді пайдалану, отандық бапкерлер мен спортшылардың біліктілігін арттыру, Қазақстанда жаңа спорт түрлерін дамыту жөніндегі тапсырмасының тиімді жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Бүгінде еліміздің семсерлесу федерациясы үлгілі спорт ұйымдарының біріне айналды. Жүйелі жұмыстың арқасында Ұлттық құрама әлемнің үздік 5 командасының қатарына енді. Командамыздың зор жетістіктері отандық спортта жаңа дәстүр қалыптастырып жатыр, — деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр қосалқы құрамда болған Ерлік Сертайдың үлесін атап өтіп, әрбір команданың мүшесі жеңіске жету жолында маңызды рөл атқаратынын атап айтты.
Осыған дейін Ұлттық құрама 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болып, 2024 жылы Париждегі Олимпиада ойындарында алтыншы сатыға тұрақтаған.
Айта кетелік Шайбалы хоккейден Қазақстан кубогын «Сарыарқа» сәтті бастады.