Ердоған әлемді Палестинаны мойындауға шақырды
НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында палестина-израиль қақтығысы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
БҰҰ мінберінде сөйлеген сөзінде түрік лидері Израильдің Газа секторындағы әрекетін қатаң айыптап, болып жатқан жағдайды геноцид деп атады.
Сондай-ақ ол Махмуд Аббастың залда болмағанына өкініш білдіріп, халықаралық қауымдастықты Палестинаны мойындауға шақырды.
Ердоғанның айтуынша, Газа секторында болып жатқан оқиғалар соғыс емес, «қаруланған армия» тарапынан жасалып жатқан геноцид.
— Израильдің әрекеттері 250-ден астам журналистің қаза болуына әкелді, бұл халықаралық нормаларды өрескел бұзу болып табылады, — деп атап өтті Түркия басшысы.
Бұдан бөлек, Ердоған Анкараның Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердегі рөлін еске салып, қақтығысты реттеуге жәрдемдесуге дайын екенін растады.
Осы тақырыпты қозғай отырып, ол Ыстанбұлдағы келіссөздер тараптар арасындағы тұтқындар алмасуға ықпал еткенін еске салды.
— Анкара соғыс қимылдарын тоқтатуға бағытталған дипломатиялық күш-жігерге алдағы уақытта да қатысуға әзір, — деді Ердоған.
Айта кетелік АҚШ Президенті Дональд Трамп Біріккен Ұлттар Ұйымының өз әлеуетін жүзеге асыра алмай отырғанын сынға алған еді.