Ердоған Мәскеу мен Киев арасындағы тікелей келіссөздерге алаң ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Анкара Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуде шешуші рөл атқаруға дайын екенін тағы да мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

л
Фото: trthaber.com

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуінде тараптар арасындағы диалог арналарын ашық ұстау ниетін қуаттап, екі елдің басшылары келіссе, оларды тікелей келіссөздер үшін қабылдауға әзір екенін жеткізді.

Түркия президенті жанындағы қоғамдық байланыстар директораттың мәліметінше, Ердоған бейбітшіліктің орнауын барынша тездетудің маңыздылығын атап өтіп, диалогқа техникалық деңгейде де, мемлекет басшылары деңгейінде де толық қолдау білдірді.

Ол қақтығысты тек тікелей келіссөздер және ортақ қағидаларды табу арқылы шешу қажеттігін, бұл адам шығынын азайту үшін маңызды екенін айтты.

л
Фото: Anadolu Ajansı

Осы дипломатиялық серпін аясында Ыстанбұлда келіссөздер үдерісін қайта бастау бағытында жұмыс жанданды. 

Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединскийдің айтуынша, Ресейдің басты мақсаты – ұзақмерзімді бейбітшілікке қол жеткізу және қақтығыстың түпкі себептерін жою. Ыстанбұлдағы келіссөздер 2022 жылы үзілген бейбіт үдерістің жалғасы ретінде қарастырылып отыр.

Президент Зеленскийдің сөзінше, Украина делегациясы – Қорғаныс министрі Рүстем Умеровтің жетекшілігімен Ыстанбұлда 16 мамырға дейін қалып, келіссөздерді жалғастыруға дайын. Зеленский бұл шешім Ердоған мен АҚШ президенті Дональд Трамптың күш-жігеріне құрмет ретінде қабылданғанын және шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған алғашқы қадамдарға үміт артатынын атап өтті.

Бұған дейін жазғанымыздай, Ыстанбұлдағы Ресей-Украина келіссөзі кейінге шегерілді.

Соңғы жаңалықтар