Ердоған: ШЫҰ — Азия елдерімен диалог орнатуға өте ыңғайлы платформаның бірі

ердоған
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия терроризмге қарсы күресте ШЫҰ-мен диалогты дамытуға мүдделі. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында өтіп жатқан «ШЫҰ+» кездесуінде Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған айтты.

«Бүгінде әлемдік қауіпсіздік архитектурасының бүкіл іргетасы шатқаяқтап тұр. Исламды дұшпан көру, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік тасымалы барысында кедергілер қазіргі әлемдегі геосаяси күйзелісті одан сайын ушықтырып отыр. Мұның ішіндегі ең сорақы қатігездік Газа секторында болып жатыр. Израильдің Газа секторына қатігездікпен шабуыл жасауы 40 мыңға жуық жазықсыз жанның опат болуына әкелді. Қираған ғимараттардың астында мыңдаған баланың мүрдесі қалды. Израильдің осы әрекетіне тосқауыл қоюымыз қажет. Халықаралық құқық аясында олардың мұндай қатігездігін мәжбүрлі түрде тоқтататындай әрекеттерге баруымыз қажет. Сонда ғана әлемдік деңгейде әділет орнайды», — деді Түркия Президенті.

Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған Түркия терроризмге қарсы күресте ШЫҰ-мен диалогты дамытуға мүдделі екенін баса айтты. Оның атап өтуінше, осындай терроризм актілерінің салдарынан миллиондаған адам босқынға айналды. Тек Түркияның өзінде 4 млн босқын бар.

«Атажұртымыз — Орталық Азия елдерімен әр салада ортақ пайда негізіндегі ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз әрі мүдделіміз. ШЫҰ Азия елдерімен диалог орнатуға өте ыңғайлы платформалардың бірі екенін атап өткім келеді», — деді мәртебелі мейман.

Соңғы жаңалықтар
telegram