Ердоған ішкі мәселелерді саясиландыру әрекеті үшін оппозицияны сынға алды

АСТАНА. KAZINFORM —  Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Стамбұл мэрінің жақында ұсталуына алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ердоған ішкі мәселелерді саясиландыру әрекеті үшін оппозицияны сынға алды
Фото: trthaber.com

Мәлімдемесінде Ердоған оппозицияны, әсіресе Республикалық халықтық партияны (РХП), ішкі қақтығыстарын және заңға қатысты мәселелерін саясиландыруға ұмтылды деп айыптады. Ол оппозицияның мұндай оқиғаларды ұлттық деңгейдегі проблемаға айналдыруды әдетке айналдырғанын атап өтті, алайда бұл мәселелер тек белгілі бір шағын топқа ғана қатысты. Ердоған бұл әрекеттерді екіжүзділік деп атап, олардың қоғамның назарын мемлекеттің нақты мәселелерінен басқа жаққа бұруға бағытталғанын айтты.

– Егер байқаған болсаңыз, оппозиция, оның ішінде РХП, сот органдары қойған айыптауларға ешқашан нақты жауап бере алмайды. Бұл дипломдарға, жемқорлыққа немесе ұрлыққа қатысты болсын, олар әрдайым қарапайым жолды таңдайды – саяси ұрандармен шектеліп, халықты алдауға тырысады, – деді Ердоған.

Түркия президенті сондай-ақ оппозицияның құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне қысым жасап, оларды өздерінің ішкі мәселелерін шешу үшін пайдалануға тырысатынын атап өтті. Ердоғанның пікірінше, мұндай әрекеттер елдің беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, елдегі қазіргі жағдай туралы жалған түсінік қалыптастырады.

– Біз жалған ақпараттың, жала жабудың және шындықты жоққа шығарудың қиратушы күшін ақиқаттың үстемдігімен, әділдікке, заңға және ар-ожданға бағынумен жеңеміз, – деді ол.

Ердоғанның айтуынша, саяси алаңдағы ішкі қақтығыстар ұлттық мәселелермен теңестірілмеуі керек. Оның пікірінше, оппозиция айыптауларға саяси манипуляциялармен емес, конструктивті түрде жауап беруді үйренуі тиіс.

Айта кетелік  Ыстамбұлда 100-ден астам адам, оның ішінде қала басшысы Экрем Имамоглу тұтқынға алынған еді.

Соңғы жаңалықтар