Ердоған Түркия оппозициясының жетекшісін сотқа берді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған оппозициялық Халықтық-республикалық партияның (ХРП) жетекшісі Өзгүр Өзелді қорлады деп айыптап, оны сотқа берді. Ол моральдық өтемақы ретінде 500 мың лира (шамамен 12,5 мың АҚШ доллары) талап етіп отыр, деп ТАСС.

Бұл туралы Түркия басшысының адвокаты Хюсейн Айдын хабарлады.
— 5 шілде күні Халықтық-республикалық партия (ХРП) төрағасы Өзгүр Өзел тарапынан Президентімізге бағытталған негізсіз айыптауларға, қорлау сипатындағы мәлімдемелер мен қоқан-лоққыларға байланысты Анкараның бірінші инстанциядағы азаматтық сотына 500 мың лира көлемінде моральдық шығынды өтеу туралы талап арыз берілді. Сонымен қатар, Өзелдің Президентті қорлау және оған қоқан-лоққы көрсету әрекеттері бойынша Түркия Қылмыстық кодексінің 310/2-бабына сәйкес Анкараның бас прокуратурасына қылмыстық шағым жолданды, — деп жазды адвокат әлеуметтік желідегі X парақшасында.
5 шілде күні ХРП атқару комитетінің отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында Өзел сол күні Анталья, Адана, Адыяман және Манавгат қалаларының әкімдері сыбайлас жемқорлық істері бойынша тұтқындалуына байланысты Ердоғанды авторитаризмге айыптады. Ол сонымен бірге қараша айында кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді талап етіп, билік сол сайлауда жеңіліс табатынын мәлімдеді.
Ердоған бұған дейін де Өзгүр Өзелге қарсы қорлау үшін бірнеше рет сотқа жүгінген. Мәселен, 6 сәуірде өткен партияның кезектен тыс съезінде Өзел Түркия президентін «хунтаның басшысы» деп атағаннан кейін Ердоған тағы да 500 мың лира көлемінде моральдық өтемақы талап етіп, сотқа арызданған болатын.
Айта кетейік, 2 шілде күні Ыстанбұлдағы Сарачхане алаңында қала экс-әкімі Экрем Имамоғлуға қолдау көрсету мақсатында ауқымды митинг өтті.
Бұған дейін Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісінде Президент Режеп Тайып Ердоғанның әскери саладағы өкілеттіктерін кеңейту туралы заң жобасы қаралып жатқаны хабарланған еді.
Айта кетелік Түркияда үш қаланың мэрі ұсталған еді.