Пайыздық мөлшерлемені төмендету - Ердоған Түркиядағы инфляциямен қалай күресіп жатыр

Почему президент Эрдоган верит в низкие ставки
Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Түркияның ұлттық валютасы қатты әлсіреді. Инфляция бұрынғы шекті мәндерден асып жығылып, кейбір сәттерінде 60%-дан асты. Қараша айында Түркия президенті пайыздық мөлшерлемені төмендету инфляция қарқынын бәсеңдетуге мүмкіндік беретінін, өндіріске серпін беретін және бизнестің шығынын төмендететін қолайлы экономикалық жағдай туғызатынын айтып мәлемдеме жасағаннан соң әлемдік сарапшылар Түркияның экономикасына жаппай назар бұрды. Қазіргі кезде бұл елдің экономикасы қандай жағдайда екеніне Kazinform меншікті тілшісі шолу жасады.

Пайыздық мөлшерлеме әзірше тек өсіп келеді

Түркия президенті ұзақ уақыттан бері төмен пайыздық мөлшерлеме саясатын жақтап келгеніне қарамастан жақында Орталық банктің инфляцияны бақылауда ұстау мақсатында пайыздық мөлшерлемені әуелі 40%, кейін 50%-ға дейін көтеру әрекетін үнсіз ғана қолдады. Алайда соңғы мәлімдемесі оның инфляция қарқыны бәсеңдей бастағанда қайта төмен пайыздық мөлшерлеме саясатына оралмақ ниетте екенін көрсетіп отыр.

Елде 2025 жылдың басында инфляция деңгейі 30%-ға дейін төмендеп, жыл соңына қарай 20%-ға дейін түседі деген болжам бар. Түркия үкіметі 2026 жылдың соңына дейін инфляция көрсеткішін 10 пайыздан төмен мәнге дейін түсіруге бар күшін салып жатыр.

Эрдоғанның экономикалық стратегиясы

Режеп Тайип Ердоғанмен бұған дейін пайыздық мөлшерлеменің көбеюі ақшаны құнсыздандырып, ел экономикасының өсімін тежейтінін бірнеше мәрте айтқан болатын. Ол өндіріске және жұмыспен қамтуға негізделген, пайызы жоғары кредиттерден ада экономика жасамақшы. Бұл жолда Түркия басшысы «пайыздық мөлшерлеме, инфляция және ақша айырбастау бағамынан» құрылған шырғалаң шеңберді тас-талқан етпек. Оның пікірінше, пайыздық мөлшерлемелерді төмендету несие алуды қолжетімді ете түсіп, жеке сектордың дамуына ықпал етеді.

Ердоған несие алу кезінде жоғары пайыздың белгіленуі тауар мен қызметтің өзіндік құнын өсіріп, бағаның жоғарылауына әкеп соғады деп санайды. Сәйкесінше, пайыздық мөлшерлемені төмендету, оның ойынша, экономикалық белсенділікті артырып қана қоймай, бизнес пен тұтынушыларға қаржылық жүктемені азайту арқылы инфляцияны төмендетуге қолайлы жағдай жасайды.

— Мен экономист ретінде мынандай ойға бекідім: пайыздық мөлшерлеме төмендесе, инфляция да төмендейді. Бұған еш күмәндеріңіз болмасын, - деді Эрдоған.

Бұл мәлімдеме дәстүрлі экономикадағы «пайыздық мөлшерлемені өсіру — инфляцияның өсуіне қарсы амал» теориясына қайшы келеді. Сарапшылар бұндай жоғары инфляция кезінде төмен пайыздық мөлшерлеме саясатын ұстану бағаның бұдан бетер өсіп, халықтың тұтынушылық қабілетінің төмендеуіне соқтырады деп дабыл қағуда. Алайда Түркия президенті мен оның жақтастары өздерінің экономикалық стратегиясы жақсы нәтиже көрсететініне сенімді.

Жаһандық қаржы нарығындағы өзгерістер және ішкі нарықтағы тұрақсыздық жағдайында инфляция мәселесі Түркия үшін аса бір өткір мәселеге айналып отыр. Халықаралық сарапшылар мен бірқатар экономистердің сынына қарамастан Түркия үкіметі алдағы айларда да қазіргі ұстанымынан айнымайтын секілді.

Сын-қатерлер мен инфляцияға қарсы амалдар

Биыл маусым айының ортасында Түркияның Орталық банкі бағаның өсуін тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені бес есе көтеріп жіберді. Бұл амал импорттың жоғары көрсеткіші және ұлттық валютаның күрт құнсыздануы кезіндегі жоғары инфляция жағдайында жасалуы тиіс шара еді. Пайыздық мөлшерлемені көтеру уақытша лира құнын тұрақтандыруға және инфляцияны тоқтатуға мүмкіндік берді. Алайда бұл өз кезегінде экономикалық өсімді тежеп, бизнес пен азаматтарға арналған несие үстемесінің өсуіне әкеп соқтырды.

Экономистер «ақша-кредит саясатын қатаңдату жақсы әсер беруі мүмкін, бірақ оның да өзіндік кері әсері сақталады» деп болжайды. Жоғары мөлшерлеме кәсіпорындардың қарыз жүктемесінің ұлғаюына, ол өз кезегінде жұмыспен қамтудың төмендетуіне және экономикалық өсімнің тежелуіне әкеледі. Осы себепті Goldman Sachs секілді инвестициялық банктердің есебінде айтылатын «2024 жылдың соңында пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін» деген әңгіме бүгінде инвесторлар мен экономистердің арасында қызу талқыланып жатыр.

Бұның бәріне қарамастан, көптеген сарапшылар пайыздық мөлшерлемені төмендету қайтадан инфляцияны күшейтуі мүмкін деген ескертулер де айтуда.

Ал, Түркияның Орталық банкі болса, қазір әліптің аяғын бағып отыр. Тіпті, пайыздық мөлшерлемені төмендетуді тек инфляция қарқыны азайған жағдайда ғана қарастыруы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар
telegram