Ерекше балалар қоғамнан шет қалмауы керек — дизайнер
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада балаларға арналған инклюзивті UNIQUE FASHION SHOW — ALPHA BALA жобасының VII маусымы өтті. Сән көрсетіліміне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық бала қатысты.
Подиумға кәсіби әрі жас модельдермен қатар ерекше қажеттілігі бар балалар да шықты. Бұл — жобаның басты ерекшелігі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндағы мақсат — барлық баланы тең қабылдап, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
Жоба авторы әрі дизайнер Гүлнұр Бөкен балаларды қандай да бір ерекшелігіне қарай бөлуге болмайтынын айтты.
— Ерекше балалар қоғамнан шет қалмауы керек. Олар өздерін өзгелермен тең сезініп, бірдей мүмкіндікке ие екенін ұғынуы қажет, — деді ол.
Сән көрсетіліміне қатысқан 200 модельдің ішінде 20-ға жуық пайызы ерекше балалар. Олардың басым бөлігі подиумға алғаш рет шығып тұр. Мұндай тәжірибе балалардың өзіне деген сенімін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Жобаға қатысушылардың ата-аналары да оның әлеуметтік маңызына ерекше тоқталды. Арайлым Жатаеваның қызы бұл шараға үшінші рет қатысты. Айтуынша, мұндай орта балалардың жан-жақты дамуына оң әсер етеді.
— Гүлнұр ханым балаларды ешқашан бөліп-жармайды. Мұнда бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Балалар өздерін еркін сезініп, жаңа достар тауып, жақсы әсер алады, — деді ата-ана.
VII маусым аясында төрт авторлық топтама көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы саны 60 ерекше образ әзірленген. Көрсетілімнің негізгі топтамасы — отбасының басты құндылығы саналатын «Альфа Бала» коллекциясы. Сонымен қатар көрермендерге «Махаббаттың қызғылт ханшайымы», «Қара ханшайым» және «Манимейкер» топтамалары таныстырылды.
Балалар арнайы іріктеуден өткен. Кастинг қаңтар айында басталып, еліміздің жеті қаласында ұйымдастырылған.
— Қатысушылар екі ай көлемінде кәсіби дайындықтан өтті. Қорытынды сынақтан сүрінбей өткен үздіктер бүгін подиумға шықты, — деді Гүлнұр Бөкен.
Айта кетейік, UNIQUE FASHION SHOW — ALPHA BALA жобасы Креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Еске салайық, Қырғызстанда алғаш рет ұшақ бортында сән көрсетілімі өткенін жазғанбыз.