Ерекше балаларға арналған жаңа мектептер 20 өңірде салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның 20 өңірінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа форматтағы мектептер салынады. Бұдан бөлек, өңірлерде оңалту және сауықтыру кабинеттері бар ұйымдар ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Ерекше балаларға арналған жаңа мектептер 20 өңірде салынады
Фото: Kazinform/ЖИ

Жоба Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылады. Жаңа мектептер мың орынға есептелген. Қазір елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар. Оларға арналған 541 арнайы ұйым жұмыс істейді. Балаларды қолдау жүйесін жетілдіру үшін арнайы мекемелердің санын көбейтіп қана қоймай, осы салада мамандар даярлау да қолға алынған.

Ерекше балаларға арналған жаңа мектептер 20 өңірде салынады
Видеодан алынған кадр

— Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандар еліміздің 17 педагогикалық жоғары оқу орнында және 9 колледжінде даярланады. Балаларға қолдау көрсетуде педагог-ассистенттердің рөлі зор. Білім беру ұйымдарында 7,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Сонымен қатар, биыл 6 колледжде педагог-ассистенттерді даярлау басталды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ерекше балаларға арналған жаңа мектептер 20 өңірде салынады
Видеодан алынған кадр

Мамандардың пікірінше, арнайы ұйымдар желісін кеңейту балалар мен олардың ата-аналарына көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алматы қаласының психологы Рауан Сағадиева ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдауды ертерек ұйымдастыру маңызды екенін айтады.

— Бұл — өте өзекті мәселе. Қазір ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны жыл сайын 26 пайызға дейін өсіп жатыр. Сондықтан осындай мемлекеттік мекемелерді көбейту қажет. Ата-аналар көмек іздеп, бір мекемеден екіншісіне сабылмауы керек. Қажетті қолдау дер кезінде көрсетілуге тиіс, — деді психолог.

Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау үшін 2026–2030 жылдарға арналған инклюзивті білім беруді дамытудың ведомствоаралық кешенді жоспары бекітілген. Құжат балаларға көрсетілетін көмекті жетілдіруге және өңірлерде білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Бұған дейін Қазақстанда БАӘ инвесторларының қатысуымен құны 1 млрд доллар болатын 20 инклюзивті мектеп салу жоспары туралы жазған едік.