Ерекше балаларға ерекше көңіл бөле алып отырмыз ба

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда инклюзивті білім беру мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 230 мыңға жуық бала инклюзивті білім алуға мұқтаж. Олардың бәрі бірдей қажетті қызметпен қамтылып отыр ма? Елімізде ерекше балалар мен олардың ата-аналарына жасалып жатқан нақты жағдайлар мен қолдау жайын, шешімін күткен өзекті мәселелерді салмақтап көрдік.

бала
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

16 жастағы Бекназар – аутизм спектрінің бұзылысы диагнозы қойылған жасөспірім. Оның әкесі Елдос Иманбаевтың айтуынша, алғашқы кезде баланың жағдайын толық түсіне алмай, түрлі ем іздеп шарқ ұрған.

- Аутизмнен шығарып аламыз деп ойладық. Бірақ шындықты қабылдап, баламызды сол күйінде жақсы көріп, оны дамытуға күш сала бастадық. Қазір жұбайым екеуіміз бірге жұмыс істейміз. Ол осы салада білім алып жатыр, – дейді.

Бекназар қазір кәсіби техникалық бағытта оқып жүр. Ол – «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан оқу-өндірістік комбинаттар жобасының қатысушысы. Бұл жоба ерекше қажеттіліктері бар балалардың еңбекке бейімделіп, мамандық игеруіне жол ашады.

аутизм
Фото: видеодан алынған скрин

Жоба шеңберінде аутизм және басқа да менталды ерекшеліктері бар оқушылар кондитер, наубайшы, тігінші сияқты мамандықтарды меңгереді. Мұндағы басты мақсат – балаларды өмірге бейімдеу, қоғамға икемдеу.

аутизм
Фото: видеодан алынған скрин

- Біз балалардың өздерін табысты сезінуіне, мазасыздығын азайтуға көмектесетін мінез-құлықтық әдістерді қолданамыз. Бұл балаларға қоршаған ортаны түсінуге көмектеседі. Біз бұл әдістерді күн сайын үйде де, осында да қайталап отырамыз. Өкінішке қарай, ерекше баланың анасы ретінде мен жақсы түсінемін. Үй жағдайында біз көбіне мұны ескере бермейміз. Біз көбінесе балаларға оқу дағдыларын үйретуге тырысып, жанталасамыз. Бірақ дәл осы өмірлік дағдылар біздің балалар үшін аса маңызды. Кей балалар болашақта жұмысқа орналаса алмаса да, өз-өзіне күтім жасауға, үйде өз тамағын дайындауға қауқарлы болуы керек. Бұл – өте маңызды», – дейді жобаның мінез-құлықтық бағдарламалар курсын жүргізетін Жанна Тауасарова.

Бүгінде бұл жоба аясында 54 жасөспірім оқуын аяқтап, 20 бала білімін жалғастырып жатыр.

балалар
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Ата-аналардың көбі баланың ерекшелігін еркелікпен шатастырып, уақыт жоғалтып алады. Сымбат Бегалиева есімді ана баласының аутизм белгілерін 2,5 жасында байқағанын айтады.

- Басында көзге қарамайтынын, атын атағанда жауап бермейтінін байқасақ та, еркелігі деп ойладық. Бірақ ол – уақытты ұттырып алған үлкен қателік болды, – дейді.

Оның айтуынша, ерекше баланы тәрбиелеу – тек моральдық емес, материалдық та салмақ. Аптасына бірнеше рет логопед, дефектолог, невропатолог сынды мамандардың қызметіне жүгіну – орташа есеппен айына 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін қаржы талап етеді. Алайда бұл мүмкіндік көп ата-анада бола бермейді.

аутизм
Фото: видеодан алынған скрин

- Қазір қолымда ешқандай қаражат жоқ. Баратын орталықтардың бәрі ақылы. Кейде жүрегің ауырады… Бірақ мықты болуға тырысамыз, – дейді Сымбат Бегалиева көзіне жас алып.

Инклюзивті білім беру тек мектеппен шектелмейді. Бұл іске балабақшалар да белсенді қатыса бастады. Мысалы, Астанадағы бір жекеменшік инклюзивті балабақша – ананың жүрек қалауы арқылы ашылған орталық. Жанел Шаймарданова – сол балабақшаның меңгерушісі әрі ерекше баланың анасы.

- Баламды 3 жыл бойы тасып жүрдім. Қаланың әр шетіндегі мамандарға апардым. Өзім сияқты қаншама ананың сандалып жүргенін көрдім. Сөйтіп, бәрі бір орталықта болсын деп осы балабақшаны аштым, – дейді ол.

Қазір оның ұлы – мектеп оқушысы, халықаралық байқауларға қатысып, жетістікке жетіп жүр. Бұл – ата-ананың тұрақты еңбегі мен табандылығының нәтижесі.

аутизм
Фото: видеодан алынған скрин

Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде елімізде 394 оңалту ұйымы, 227 түзету кабинеті және 1 080 мектеп жанындағы арнайы кабинет бар. Алайда бұл сандар 230 мыңнан астам ерекше баланың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайды.

Дементьева Наталья Григорьевна
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Бұл өте жеткіліксіз! Барлық түзету кабинеттеріне кезекте тұру байқалады. Балалар 3 ай және одан да көп уақыт түзету көмегін күтеді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның 2024 жылғы есебінің деректері бойынша, ерекше қажеттіліктері бар деп тіркелген 235 баланың 80%-ы түзету шараларымен қамтылса, аудандар мен шалғай ауылдардағы қамтылмаған балалар жағдайы қандай? – дейді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарын әр облыс орталығында ашуды тапсырған болатын. Президент бұл бағыттың ел үшін маңызды екенін баса айтты.

Дегенмен инклюзивті қоғам құруға келгенде әлі де мемлекеттік деңгейде қолдауды талап ететін біраз мәселе бар. Соның бірі – ерекше баламен тікелей жұмыс істейтін мамандардың даярлығы. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл мәселені тек сынып ашумен шеше алмаймыз, ұстаз дайындау керек.

Жұлдыз Сүлейменова
Фото: Парламент Мәжілісі

- Әрбір мектепте сондай кластар ашылып жатыр, бірақ бұл мәселені класс ашумен шеше алмаймыз. Мұғалім оқыту, сонымен қатар оқулықтарды, жалпы балалардың қолданатын ресурстарын осындай ерекшеліктері бар балаларға арнап алу керек. Бұның өзінде де күрделі проблемалар бар және ол шешімін табуы қажет деп санаймыз. Келесі мәселе - балалардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Қазіргі таңда бұл да онша қатты реттеліп жатқан жоқ, - дейді депутат.

Дәрігерлердің айтуынша, аутизмді ерте жастан анықтау оң нәтиже алу ықтималдығын арттырады.

- Бала 1 жасқа дейін көзбен байланыс орнатпаса, атына қарамаса, алғашқы сөздері шықпаса, әрекетке реакция болмаса – міндетті түрде маманға жүгінген жөн, – дейді №4 ПМПК дефектологі Гаухар Мұралинова.

Мемлекеттік түзету мекемелерінде қызметтер тегін ұсынылады. Алайда көп ата-ана мұны білмей, ақылы орталықтарға жүгінеді немесе мүлде қамтусыз қалады.

аутизм
Фото: видеодан алынған скрин

Қорытындылай келе, инклюзивті білім – бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұл – жүйелі көзқарас, қаржылай қолдау мен мамандар даярлауды талап ететін маңызды сала. Бастысы – әрбір ерекше бала қоғамнан шет қалмай, өз әлеуетін жүзеге асыра алуы тиіс. Ол үшін қоғам да, мемлекет те, әр ата-ана да бірлесіп әрекет етуі қажет.

Соңғы жаңалықтар