Ерекше баласы бар аналар ортопедия бұйымдарын монетизациялауды сұрап отыр
Бұл мәселе облыс әкімдігінің жауапты мамандары мен мәслихат депутаттарының «Нейробалалар ғажап бар» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесуінде талқыланды.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, арнайы бекітілген «Жол картасында» жергілікті атқарушы органдардың құзыретіндегі мәселелер қарастырылған. Онда мүгедектігі бар адамдарға жылына бір берілетін әлеуметтік көмекті арттыру, ерекше балаларға арналған ойын алаңдарын ашу, инватакси үшін көлік санын көбейту секілді мәселелер қамтылған.
«Мүмкіндігі шектеулі жандар барлық әлеуметтік қызметті тікелей әлеуметтік порталдан алады. Бұл – мүмкіндігі шектеулілер үшін өте тиімді тәсіл. Қазір мүгедектігі бар адамдардың басым бөлігі әлеуметтік қызметті портал арқылы алуға машықтанды. Алайда, ондағы ортопедиялық құралдарды бір адамға шақтап алу мүмкін болмай отыр. Аяққа, не қолға арналған ортопедиялық құралдар әсіресе, балаларға дәл келіңкіремей қалады. Сол себептен, оны монетизациялаған жөн. Содан кейін міндетті гигиеналық құралдарға жататын жөргектер саны бір жылға 730 данадан келеді. Бұл – өте аз», - дейді Азамат Мәмбетов.
«Жол картасында» мүгедектігі бар адамдарға қатысты туындаған проблемалық мәселелерді шешу жолы қарастырылған. Облыс әкімдігі әлеуметтік порталда берілетін жөргектер санын 730-дан 1460-қа көбейту үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс жолдаған.
«Қазір министрлікте бұл мәселеге байланысты нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларды баспанамен қамту үшін арнайы кезек қарастырып, тұрғын үйді сатып алу механизмін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізіледі», - деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ерекше балалардың ата-анасы қоғамдық көлікте тегін жүретінін жазған едік.