Ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер түрлі мамандықты игеріп шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге арналған оқу-өндірістік комбинаты» пилоттық жобасының түлектеріне куәлік беру рәсімі өтті. 

ерекше бала
Фото: «Болашақ» корпоративтік қоры

34 жасөспірім жергілікті колледждерінде «Аспаз», «Кондитер», «Тігін ісі», «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандықтары бойынша оқуды сәтті аяқтады. Жобаны «Болашақ» корпоративтік қоры «Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің және AMANAT партиясының қолдауымен жүзеге асырғанын атап өткен жөн.

жасөспірім
Фото: «Болашақ» корпоративтік қоры

7-11 сынып оқушыларына арналған пилоттық жоба Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде, Менеджмент, бизнес және білім колледжінде бастау алған. Жобаға аутизм, Даун синдромы, Аперт синдромы, эпилепсия, ақыл-ой дамуы жеңіл тежелген, Туретт синдромы, психикалық дамудың кешігуі және психикалық-сөйлеу дамуының кешігуі бар 13-18 жас аралығындағы жасөспірім қатысқан.

Жобаның мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдерге әлеуметтік бейімделуге, кәсіптік білім алуға және жұмысқа орналасуға көмектесу. Оқыту 5 айға созылған. Осы уақыт ішінде кәсіби дағдыларды меңгеріп, тәртіпті және тәуелсіз бола бастаған. Кәсіби ой-өрісі кеңейіп қана қоймай, болашақта жұмысқа орналасуға деген сенімділікті арттыра түскен.

жасөспірім
Фото: «Болашақ» корпоративтік қоры

«Болашақ» қорының Қамқоршылық Кеңесінің Төрайымы Динара Гапланның айтуынша, пилоттық жобаның арқасында мектепке дейінгі, мектеп және орта арнаулы білім беру ұйымдарындағы алаңдарды қамтитын үздіксіз оқыту жүйесін құруға мүмкіндік ашылған.

«Астана – балабақшалар мен мектептерде аутизм бар және басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арнайы алаң ашылған Қазақстандағы жалғыз қала. Ендігі жерде жергілікті әкімдіктің қолдауымен ерекше балалардың колледждерге түсуіне жағдай жасалып отыр. Жобаға қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, AMANAT партиясына және әлеуметтік кәсіпкерлер қатарынан серіктестерімізге зор алғыс айтамын. Біздің түлектер кәсіпорындарда өз пайдасын тигізе алады деп сенеміз, бұл жоба – олардың қоғам өміріне қосылуының маңызды кезеңі болмақ», - деді Динара Гаплан.

диплом
Фото: «Болашақ» корпоративтік қоры

Ерекше баланың анасы Ксения Цун баласының «Аспаз» мамандығын игеріп шыққанын айтты.
«Менің ұлым өз мейрамханасын ашуды армандайды. Бұл жоба ерекше балалардың қажетті мамандықты игеруіне әрі үлкен өмірден өз орындарын табуына үміт сыйлайды. Жобаны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», - деді ол.

Айта кетейік, биыл 9 сыныпты бітірген 8 ерекше бала колледжге оқуға қабылданған.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін «Болашақ» корпоративтік қоры Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен ерекше балаларға арналған UNI Football League деп аталатын бірегей жобаның жүзеге асырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар