Ереванда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ереванда қазақ-армян туристік ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел аясында Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды. Іс-шараны Қазақстанның Армениядағы Елшілігі Армения Туризм федерациясының қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Туристический потенциал Казахстана представили в Ереване
Фото: Мирас Қуандықов / Kazinform

Дөңгелек үстел Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін ілгерілетуге, армян қоғамының елдің туристік әлеуеті жөніндегі хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы туристік алмасуды кеңейтіп, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға арналды.

Іс-шара барысында қатысушылар туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты күшейту жөнінде тәжірибе алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстанның Армениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Иманбаев, Армения Туризм комитетінің төрағасы Лусине Геворкян, Армения Республикасының Туризм федерациясының президенті Мехак Апресян қатысты.

Онлайн форматта ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Қарипбаев, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Маркетинг және халықаралық нарықтар департаментінің директоры Айнұр Жұматаева, сондай-ақ Арменияның туристік бизнес өкілдері сөз сөйледі.

Іс-шарада сөйлеген сөзінде Болат Иманбаев Қазақстан бүгінде туристерге мәдени-танымдық және экологиялық туризмнен бастап іскерлік, спорттық және медициналық туризмге дейінгі кең ауқымды бағыттарды ұсынатынын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары елде туристік инфрақұрылым белсенді дамып, жаңа туристік кластерлер қалыптасып, қызмет көрсету сапасы артып келеді.

— Статистика екі ел азаматтарының туристік сапарларға деген өзара тұрақты қызығушылығы бар екенін көрсетіп отыр, — деді дипломат.

Елші екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін анағұрлым кең көлемде іске асыру үшін қолайлы көлік-логистикалық шешімдер қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Армениядағы Елшілігі екі елдің тиісті ведомстволарымен бірлесіп Ереван – Астана – Ереван бағыты бойынша тікелей тұрақты әуе қатынасын қайта жандандыру мәселесін пысықтап жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар тараптар туристік саладағы ынтымақтастықты, оның ішінде туроператорлар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған таныстыру сапарларын ұйымдастыру арқылы одан әрі дамытуға уағдаласты. Бұл туристік мүмкіндіктерді орнында көріп, екі елдің әлеуетін барынша объективті әрі тартымды түрде таныстыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында қатысушылар туристік диалогты дамыту қазақ-армян серіктестігін нығайтуға және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін Ереванда қазақтың ұлттық дәмі ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар