Ереванда қазақтың ұлттық дәмі ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Армениядағы елшілігі Халықаралық Армения әйелдері қауымдастығы (IWAY) ұйымдастырған Еревандағы жыл сайынғы дәстүрлі Рождестволық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
Іс-шара дәстүрлі түрде дипломатиялық миссияларды, халықаралық ұйымдарды және жергілікті қайырымдылық бастамаларды біріктіреді. Жәрмеңкенің басты мақсаты – Арменияда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және гуманитарлық жобаларды қолдауға қаражат жинау.
Қазақстандық стендте ұлттық болмысты айшықтайтын естелік бұйымдар топтамасы, сондай-ақ мәдениет пен тұрмысқа қатысты заттар ұсынылды. Қонақтар этникалық сәндік бұйымдар мен қолөнер туындыларына ерекше қызығушылық танытты.

Көрме қонақтарына қазақ дастарханы ерекше ұнады. Дипмиссия қызметкерлерінің жұбайлары әзірлеген манты, палау, бауырсақ, самса және дәстүрлі тәттілер жәрмеңкедегі ең сұранысқа ие тағамдардың қатарына кірді. Сондай-ақ қазы-қарта да жоғары бағаланып, көптеген қонақ оны Қазақстанның ұлттық дәмімен танысу ниетімен сатып алды.
Дипломатиялық өкілдік өкілдерінің айтуынша, қазақстандық тараптың қатысуы Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланысты нығайтуға және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

— Қазақстанның Армениядағы елшілігі бұл қайырымдылық жәрмеңкеге жыл сайын қатысады. Қатысушыларымыз дәстүрлі ұлттық тағамдарды дайындап, естелік бұйымдар ұсынып, қонақтарды еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрімен таныстырады. Біз әрдайым жергілікті тұрғындардың Қазақстанға және оның асханасына деген зор қызығушылығын сезінеміз. Бұл игі дәстүр мәдениеттерді жақындастырып, достық атмосферасын қалыптастырады әрі елімізді бейресми жағдайда жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді, — деп әсерімен бөлісті жәрмеңкеге қатысушы Ләззат Еркінова.
Айта кетейік, осыған ұқсас дәстүрлі қайырымдылық жәрмеңке Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің қатысуымен Тәжікстанның Ұлттық музейінде де өткен болатын.