Ерейментау халқы үш бірдей тарихи тұлғаға ас берді
ЕРЕЙМЕНТАУ. KAZINFORM – Ресми тарихқа сенсек, биыл қанжығалы Бөгенбайдың туғанына 345 жыл, Саққұлақ бидің туғанына 225 жыл, Сәдуақас Ғылманидің туғанына 135 жыл толып отыр. Осыған байланысты Ерейментау халқы бабаларына ас беріп, ат шаптырды, конференция жасап баба ерлігін өскелең ұрпаққа дәріптеді.

Таңнан басталған той
Ақмола облысы Ерейментау ауданы Малтабар ауылының қарсы бетіндегі атшабардың айналасына тігілген ақ шаңқан үйлердің ұзын тізбегіне қарап мұнда республикалық деңгейдегі, әйтпесе халықаралық деңгейдегі үлкен дүбір өтіп жатыр-ау деп топшылауға болатын. Таңғы сағат 9.00-ден бастап сап түзей тігілген үйлердің арасын асыр салған бала-шағаның шуы, ас қамымен бір-бірінен жөн сілтеп, ақыл қосқан қыз-келіншектің дабыры жалғап тұрды. Ал алтыбақан маңындағы ән-күйдің әуезі түнгі сауықтың қызығы таусылмай, таңға ұласқандай әсер қалдырады. Арада бір сағаттай уақыт өткенде берісі Астана мен Көкшетаудан, арысы Павлодар мен Маңғыстаудан келген сыйлық қонақтар жаңа қонған жайлаудай соны жасыл қыраттың қақ төріне тігілген негізгі сахнаға шығып, жиналған жұртқа лебізін арнап, ас беріліп жатқан тұлғалар рухына сөзбен тағзым, жасап, құран бағыштады.

Жұрт Ерейментау түлеткен үш алыптың қазақ тарихындағы орнын туралы конференцияға бет бұрған кезде өткінші жаңбыр төпелеп кетті. Киіз үйдің мейлінше көп тігілгені соншалық, тойға жиналған дүйім жұрттың бірі де жаңбыр астында қалған жоқ. Ырымшыл ағайын Ерейментау табиғатының құбылмалылығын бір сәт ұмытып, нөсер жауынды аспанның нұрына балап жатты.
«Армиямызға Кутузов пен Суворовтан бұрын Бөгенбай мен Қабанбайдың тағлымын оқытайық»

Конференцияда алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының докторы, академик Серік Негимов Сәдуақас Ғылманидің ғұлама ғалымдығы мен тақуаға тән зиялы болмысын Әлкей Марғұланмен достығын арқау ете отырып баяндады.
- Сәдуақас Ғылмани 1949 жылы Мәскеуден Меккеге ұшып бара жатқанда Бейрутке (Ливанның астанасы) тоқтайды. Сондағы 4 мың адам сыятын мешітте араб тілінде 30 минут дәріс оқуы керек болған екен. Бірақ сондағы хазіреттердің өтінішімен 30 минутқа жоспарланған дәрісі 1,5 сағат созылады. Жергілікті дін ғұламалары Сәдуақас Ғылманидің біліміне таңдай қағысады. Сөйткен атамыз құранның 72 мақамын меңгерген, араб тіліндегі 13,2 млн сөзді біліп қана қоймай, соның 108 200-іне қазақша балама ұсынып кеткен ғалым болған, - деп бастады профессор.

Оның сөзінше, Сәдуақас Ғылмани 1964 жылы академик Әлкей Марғұланның алдында Әмір Темір мен Баязит сұлтан туралы діни сарындағы дастан орындайды. Ғалым сол дастанның алғаш қағазға түсірілген қолжазбасын асқа жиналған қауымға көрсету үшін арнайы әкеліпті.
Серік Негимов Сәдуақас Ғылманидің араб, түрік, татар, ноғай, қырғыз тілдерін жатық меңгергенін айтады.
- С.Ғылманидің кітаптарында бүкіл Сарыарқаның тарихы, Науан хазіреттен бастап, Орынбай, Ақан сері, Қуат ақын, қанжығалы қарт Бөгенбай, Бапан би сияқты тарихи тұлғалардың өмірі түгел қамтылған.
Ақмола медресесінде жүріп ислам ілімі мен араб тілінен бөлек геометрия, тригонометрия, биология физика, химия ғылымдарына қанығады, - деді академик.

Ал С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамет Тұрышев Мәжһүржүсіп Көпейұлының шығармалары арқылы Бөгенбай батырдың тарихи тұлғасына баяндама арнады.
1708 жылы Бөгенбай 30 мың қолмен Еділ бойына сұғынған казактарды талқандады.
1713 жылы Қарақұм құрылтайында Бөгенбай қазақ елінің басын біріктіріп, жоңғарға қарсы шыққан тарихи бетбұрыстың басында тұрды.

1723 жылы Бөгенбай бастаған қол Бұланты мен Өлеңті өзендерінің бойында қалмақты ойсырата жеңіп, «қалмақ қырған» оқиғасын тарихқа қашады.
1730 жылы Іле өзенінің Аңырақай ағысында қазақ жасағы ұлы жеңіске жеткенде де Бөгенбай қол бастап жүрді.
1733 жылы Бөгенбай бастаған әскер Кәрітауда (қазіргі Еерейментау) Уса Серен бастаған жоңғар әскеріне күйрете соққы берді.
1750 жылы жоңғардан қашып шыққан Әмірсананы іздеп шыққан қытай әскерін талқандап, «шүршіт қырған» оқиғасын найзамен жазды.

1756-1758 жылдары Шығыс Түркістанның Талқы асуында қытай жасағымен ұрыс жүргізіп, жауды Үрімші мен Тұрпан қалаларынан асырып қуады.
1761 жылы Абылайдың Әділ деген баласын ертіп, Қытайға келіссөз жүргізуге барды.
Бөгенбайдың бір адамның бүкіл ғұмырын сыйғызған 53 жылғы батырлық жолын осындай деректермен көмкеріп баяндаған ғалым ұлы батыр тек жоңғар жасағына қарсы 100-ден астам рет қол бастап шыққанын еске салды.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, ақын, прозаик Нұржан Қуантайұлы Үмбетей жыраудың Бөгенбай өлімін Абылайханға естіртуін қазақ әдебиетінің классикалық дүниесі екеніне тоқталды.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры «Бөгенбай батыр» романының авторы Серік Елікбай қазақтың қазіргі армиясына Суворов пен Кутузовтардан бұрын Бөгенбай мен Қабанбайдың, шақшақ Жәнібек пен Бердәулетұлы Жәнібектің стратегиялық көрегендігін үлгі етіп оқыту керектігін айтты.

Аламанның бәйгесі Абай облысында
Құлаш-құлаш көлемде дайындаған баяндамаларын мейлінше қысқартып оқыған ғалымдарға риза болған жұрт ұлттық ойындардың басталар сәтін асыға күтті.
Мұнда аламан мен құнан бәйге, көкпар мен қазақ күресінен аймақтық сайыстар өтті. Оған Ақмоланың өзінен бөлек Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай, Петропавл облыстарынан келген қатысты. Аламанда бәйгеде топ жарған Абай облысының Толағай атты жүйрігінің иесіне автокөлік бұйырды. Қалған ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де сыйлықсыз қалған жоқ. Ұйымдастырушылар бәйгеге тігілген жүлдеге де, жалпы астың бүкіл шығынына бюджеттен бір тиын да жұмсалмағанын айтып сендірді.

Ұйымдастырушылар енді 5 жылдан кейін Малтабардың даласында Бөгенбай батырдың 350 жылдығын республика көлемінде тойлауға күш салуға уағдаласып тарқасты.
Айта кетейік, бұған дейін ұлттық домбыра күні Алматыда қалай тойланатынын жаздық.