Ерейментауда 37 мың ірі қараға арналған кешен салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында ет өндірісін дамытатын ауқымды жоба қолға алынды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Ерейментауда 37 мың ірі қараға арналған кешен салынады
Фото: АШМ

Өңірде мал шаруашылығын дамыту және саланың экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған ет кластерін құру бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Кластерді қалыптастыру орталығы Ерейментау ауданы болмақ.

— Жобаны «Соколинки и К», «Торғай» және «Номад» серіктестіктері жүзеге асырады, жиынтық қуаты 37 мыңнан астам ірі қараны құрайды. Жоба 300-ге дейін фермер қожалықтарын құру арқылы фермерлік кооперацияны дамытуға көңіл бөлмек. Жалпы инвестиция көлемі 16,4 млрд теңге, бүгінге дейін оның 5 млрд теңгесі салынған. Өңірге 4,4 мың бас аналық ірі қара мал әкелінді, — делінген хабарламада.

Ерейментауда 37 мың ірі қараға арналған кешен салынады
Фото: АШМ

Басым бағыттардың бірі жоғары өнімді және өңірдің климаттық жағдайына бейімді қалмақ тұқымды ірі қара малын өсіру.

Құрылатын ет кластері асыл тұқымды мал шаруашылығын, фермер қожалықтарын және өнеркәсіптік бордақылауды бірыңғай жабық өндірістік тізбек аясында біріктіреді деп күтіледі. Бұл аграрлық секторда шағын және орта бизнестің тұрақты экожүйесін қалыптастыруға жол ашпақ. Нәтижесінде 240 тұрақты және 500 маусымдық жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, жыл сайын 7 мың тоннаға дейін етті экспортқа шығару жоспарланған, бұл бюджетке салық түрінде 1,3 млрд теңге түсімді қамтамасыз етеді.

Осыдан бұрын Ақмола облысына қалмақ тұқымды 4 300 бас ірі қара мал әкелінгенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар