Ерейментаулық палуандар республикалық турнирде бас жүлдені олжалады – Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақкөл қаласында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, белгілі қоғам қайраткері Сағадат Нұрмағамбетовтың 90 жасқа толуына орай жасөспірімдер арасында қазақ күресінен ашық республикалық турнир ұйымдастырылды.

Соңғы жылдары өңірде ұлттық спорт түрлері жақсы жолға қойылған. Аудандық күрес федерациясы палуандар мен жаттықтырушыларға қолайлы жағдай жасап отыр. Бұған Леонид Станеев есімді палуанның Ақмола облысының барысын анықтау турнирінде екінші орынды жеңіп алуы айқын дәлел. Енді ол келер айда елорда төрінен көрінбек.

Аталмыш турнирді өткізуге аудан әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, аудандық мәслихат, «Ақкөл-ақпарат» серіктестігі мұрындық болды. Сондай-ақ өңірдегі белгілі кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпорындар, ұйымдар мен оқу орындарының басшылары қоддау көрсетті.

Турнирге батырдың ұлы, запастағы генерал-майор Талғат Нұрмағамбетов пен аудан әкімі Теміржан Едігенов қатысып, жүрекжарды тілектерін арнады.

Екі боз кілемде Астана, Көкшетау, Степногор қалалары мен Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстарынан, сондай-ақ біздің облыстың Сандықтау, Целиноград, Қорғалжын, Еңбекшілдер, Бұланды, Ерейментау және Ақкөл аудандарынан 222 спортшы қатысты. Олар 13 салмақ дәрежесінде белдесу өткізді. Тартысты өткен бәсекеде ерейментаулық палуандар жалпы командалық есепте бас жүлдені олжалады. Екінші және үшінші орындардан Бұланды және Ақкөл аудандарының құрама командалары көрінді.

Барлық жеңімпаздар лайықты марапатталды. Мәдени бағдарлама аясында жанкүйер қауым мен жарысқа қатысушылар батыр атындағы музейде болып, концерт тамашалады.

Соңғы жаңалықтар