Ереже бұзатындармен күрестің жаңа тәсілі: Қазақстанда жасырын патруль жүйесі енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Жүргізушілер енді жол ережесін бұзатын болса, камера жоқ жерде де айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты.

«Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдер енгізілуде. Алайда, бүгінде барлық камералар көбіне қалаларда орналасқан. Қала сыртындағы қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін патрульдік автокөліктерді жол ережелерін бұзуды тіркейтін борттық жүйелермен жабдықтадық. Қазір олардың саны 300-ге жуық. Бір экипаждың өнімділігі 15 патрульдің жұмысымен сәйкес келеді. Тұрғындар олардың жұмысы туралы біледі және олардың жолда жүруі жүргізушілерді тәртіпке келтіруде», - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Қайсар Сұлтанбаев камера және патрульдік көлік жоқ жерде ереже бұзатындармен күрестің жаңа тәсілі енгізіліп жатқанын айтты.
«Жүргізушілер жолда патрульдік көлік көзден таса болғанда тыйым салынған учаскелерде жылдамдықты асырып отырады, одан қалды, басып озу сияқты бұзушылықтарға да жол береді. Қала сыртындағы жолдарды қамту мақсатында жасырын патрульдерді енгіздік. Яғни, сәйкестендіру белгілері жоқ полиция көлігінің салонында автоматты камералар орнаттық. Қазіргі уақытта жасырын патрульдеу режимінде полицияның 10 шақты көлігі жұмысты бастап кетті. Жыл соңына дейін олардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Олардың мақсаты мүмкіндігінше көп айыппұл салу емес, қала маңындағы жолда жүргізушілерді тәртіпке келтіру», - деді комитет басшысы.
Сондай-ақ ол елді мекендердің ішінде осы тектес камералар автобустардың салондарында да жасырын орнатылатынын айтты.
«Қазіргі күнде 5 маршруттық автобус жабдықталған. Жыл соңына дейін олардың санын көбейтуді және жедел жәрдем көліктеріне де орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл көлік жүргізу мәдениетін арттыруға және жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады», - деді спикер.
Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, халықаралық тәжірибе полицияның ғана шараларымен жол қауіпсіздігін арттыруға қол жеткізу мүмкін еместігін көрсеткен. Ал, мамандардың пікірінше, жол оқиғаларының басым көпшілігі болжамды, яғни олардың алдын алуға болады. Сондықтан жол-көлік оқиғаларын, адам қателіктерінің салдарын болдырмайтын қауіпсіз инфрақұрылым салу басты мақсат болып отыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 22 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, онда 2 мың адам қаза болды. Сондай-ақ 2024 жылы 21 мыңға жуық мас жүргізуші ұсталған.