Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ERG-дегі мемлекеттің 40 пайыздық үлесі «Самұрық-Қазынаға» өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекетке тиесілі Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 40 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына берілді. Бұл ақпаратты қордың баспасөз қызметі Kazinform тілшісіне растады.

ERG
Фото: erg.kz

Қордың мәліметінше, тиісті шешімді Қазақстан Үкіметі 4 тамызда қабылдаған.

— 2026 жылғы 4 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес ERG-дегі мемлекетке тиесілі 40 пайыз акция «Самұрық-Қазына» АҚ-ның меншігіне өтті. Бұл активті беру «Самұрық-Қазына» АҚ-ның мемлекет мүддесі үшін активтерді тиімді басқаруға бағытталған стратегиясы мен егемен қор ретіндегі рөліне сәйкес келеді, — деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

ERG-нің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, меншік құрылымы өзгергеннен кейін Қазақстан Үкіметі жалғыз акционері болып есептелетін «Самұрық-Қазына» компанияның 40 пайыз акциясына ие. Тағы 39,3 пайыз акция Шахмұрат Мүтәліпке, ал 20,7 пайыз акция ERG негізін қалаушылардың бірі Әлиджан Ибрагимовтің мұрагерлеріне тиесілі.

Бұған дейін мамыр айында Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы ERG-дің 39,3 пайыз акциясын Патох Шодиевтің 18,6 пайыз және Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі 20,7 пайыз акцияларын сатып алу арқылы иеленген.

Сондай-ақ шілде айында Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ERG бизнесін қазақстандық және халықаралық компанияларға бөлуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарған. Ведомство компаниядан бизнесті бөлу туралы ешқандай өтініш түспегенін мәлімдеді.