Ерхат Есқалиев дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі туралы: Проблема шешілді деген ойдамын

YouTube желісіндегі «Ел тірегі» арнасындағы тікелей эфирде «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы компанияның қазіргі жұмысы қандай екенін айтып берді.
«Біз тек мемлекеттік мекемелерге – ауруханаларға ғана жауаптымыз. Жеке дәріханалардың бәріне жауаптысыңдар деген пікір қате. Депутаттардың бәрімен сөйлестік. Олар да осы сөзімізді растай алады. Әйтсе де бізден жауапкершілікті ешкім алып тастаған жоқ. Қор төмендеп, дәрі-дәрмек азая бастаған кезде адамдар жеке дәріханаларға жүгіне бастаған. Бұл жағдайдың болғанын мойындаймыз. Меніңше проблема шешілді. Қазір әкімдердің бәріне жеке нарықты толтықтыру міндеті жүктеліп отыр. Жеке нарықты дәрі-дәрмектермен толтырсақ дейміз. Проблема біржолата шешілуі керек деп есептеймін. Мемлекеттік мекемелер тарапынан жеке нарыққа жүгіну мәселесі туындамайды. Болған және болатын өтінімдерге талдау жасап отырмыз. Қоймалардың бәрін толтырып тастадық», - деді «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент пен Ақтөбеде айлық нормаға жетерлік операциялық қоймасы бар компанияның төрт хабы жұмыс істейді.
«Аймақтардағы ауруханалардың сұранысы 100 пайыз қанағаттандырылды. Бірақ бұл бір айлық қажеттілік. Өтінімдерді қайта қабылдаудамыз. Екі айлық норманы да толтырып қоярлық мүмкіндік бар», - деді ол.
Еске сала кетсек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС қоры мен «СК Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырған болатын.
Ал осыдан бір апта бұрын ҚР Премьер-Министрінің келісімімен Ерхат Есқалиев «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған еді.