Еркебұлан Дауылбаев Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына Еркебұлан Дауылбаев тағайындалды.

Еркебұлан Дауылбаев
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа орынбасарды аппарат ұжымына таныстырып, оған Түркістан облысын дамыту бағытында маңызды және стратегиялық міндеттер жүктелетінін айтты. Ел сенімін ақтайтынына сенім білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

Жаңа орынбасар мемлекеттік қызмет тәжірибесін және білімін облыстың мүддесі үшін жұмсайтынын жеткізіп, сенім артқан облыс әкіміне алғысын білдірді.

Еркебұлан Дауылбаев 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей кеден академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің инспекторы лауазымынан бастады. 2010-2011 жылдары ОҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы, лицензиялау бөлімінің басшысы, 2011-2012 жылдары ОҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды.

2012-2014 жылдары ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2013-2014 жылдары ОҚО құрылыс басқармасының басшысы болды.

2016-2017 жылдары «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары, 2017-2018 жылдары ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары, 2018 жылы Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, 2018-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымдарында еңбек етті.

2020-2021 жылдары ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары, 2021 жылғы тамыздан ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2022-2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және 2023-2024 жылдары Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі болған.

2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қазірге дейін Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келді.

Бұдан бұрын Түркістан облысының Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар