Еркін күрестен Қазақстанда тұңғыш рет КСРО спорт шебері атанған Қабден Байдосов жайлы не білеміз

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қабден Байдосов — белдескеннің белін үзіп, тірескеннің тізесін бүктірген , қазақтың ішінде ең бірінші КСРО спорт шебері атағын алған палуан. Қарсыласын бөрікпен ұрып алғандай оп-оңай жеңудің қыр-сырын жетік меңгерген спортшымыз ұзақ жыл еркін күрестен Қазақстан Ұлттық құрамасын баптады. Ол аз десеңіз, Қабден Байдосовтың 1974 жылы мұхиттың арғы жағындағы Куба палуандарын жаттықтырғаны тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында туған Қабден елімізде еркін күрестің дамуына елеулі үлес қосқан ерек жан.
None
None


Шаңғы факультетіне түскен

Қабден Байдосов 1934 жылы Жарма ауданы Жарық ауылында дүниеге келген. «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деп жырлаған жырау Ақтамбердінің ұрпағы. Бала кезінен еңбекке ерте араласқан Қабден мал жайлап, отбасына қолғабыс бола білген. Жастайынан шаңғы тебуді ұнатқан оның өз құрдастарына қарағанда білек күші әлдеқайда басым еді. Күреске келгенде қарсыластарын қаңбақтай ұшыратын, жауырыны жерге тимеген палуан болды.

(Алматыдағы Қабден Байдосовтың фотосуреті мен аты-жөні қашалып жазылған мәрмәр тас)


Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан Қабден Байдосов Алматы қаласындағы Дене шынықтыру институтының шаңғы факультетіне оқуға түседі. Уақыт өте келе еркін күрес тобына ауысқан кейіпкеріміз Петр Матущактың қарамағында жаттыққан. Кеңес Одағының қазақтан шыққан тұңғыш спорт шеберінің мансап жолы осылай басталды.

«1957 жылы Петр Матущак баптаған Қазақстан құрамасы «Буревестник» ерікті спорт қоғамы Орталық кеңесінің біріншілігіне қатысу үшін Мәскеуге аттанды. Бұл қазақстандық палуандардың алғашқы ірі жарысы болатын. Қазақстан құрамасы Мәскеуге ұту үшін емес, үйреніп, шыңдалу үшін барған еді. Күрес залында ине шаншар орын жоқ. Одақтас республикалар командалары сапында небір мықты жігіттер келіпті. Көпшілігінің омырауында КСРО спорт шеберінің күміс жетоны жарқырайды. Біздің командада спорт шебері жоқ. Сондықтан палуандарымыз спорт шеберлеріне қызыға әрі қауіптене қарады», – деп жазды КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысыТемірхан Досмұхамбетов өз естелігінде.

Дүбірлі додада Қабден 62 келі салмақта тартысқа түскен. Ел намысы үшін аянбай белдескен спортшымыз төрт спорт шебері мен бірінші разрядты бірнеше палуанды жығып, «Буревестник» ерікті спорт қоғамы Орталық кеңесінің жеңімпазы атанады. Осылайша оған КСРО спорт шебері атағы беріледі.

(Даңқты палуан отбасымен (оң жақтағы бірінші))

Куба құрамасын жаттықтырды

Жеңісіне масаттанбай күні-түні жаттығатын Қабден 1958-1959 жылдары еркін күрестен Қазақстан мен Орта Азия біріншіліктерінде талай мәрте топ жарады. Сөйтіп, ол қазақ палуандарының ішінде Кеңес Одағының құрамасына ең бірінші болып қабылданған. Алайда басшылықтың солақай саясатының салдарынан тепсе темір үзетін мықты спортшымыз Әлем чемпионатына бара алмай қалады. Бұған налыған Қабден Байдосов небәрі 26 жасында бапкерлік жолға бет бұрған. Оның бұл бағыттағы жұмыстары да жемісті болды. Қазақстанның атынан жарыс жолына түскен палуандардың көптеген жетістіктерге жетуінде оның еңбегі ұшан-теңіз. Ұзақ жылдар Дене тәрбиесі институтында кафедра меңгерушісі болған Қабден 40-қа жуық күрес шеберін тәрбиелеп шығарған.

«Еркін күрестің табиғаты біздің ұлттық күресімізге жақын. Ерте заманда күрес атауы қазіргідей өзіндік ерекшеліктеріне сай жіліктеліп, бөлінген жоқ. Бірақ әр халықтың күресінде өзгешеліктер болғаны рас. Дегенмен күрестің аты-күрес. Бұл өнерді ешбір халық жатырқамайды. Жұмыр жердегі бірде-бір халықтың аузынан «күрес – біздің табиғатымызбен үйлеспейді» деген сөздің айтылмағаны анық», – деп, кезінде Қабден Байдосов еркін күрес туралы ой толғаған екен.

1971-1974 жылдар аралығында Қабден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ретінде тер төккен. 1972 жылы Куба елінде өткізілген халықаралық сайыста біздің жігіттер 5 алтын мен 1 күміс медальді қанжығаларына байлап қайтады. Осы кезде Қабден Байдосовтың ерекше бапкерлік қабілетін байқаған Куба күрес федерациясының басшылары оған өз спортшыларын жаттықтыруға шақырады. Бұған келіскен кейіпкеріміз сол мемлекеттегі еркін күрестің дамуына зор үлес қосқан. Қабден бұл спорт түрінің Қазақстандағы болашағы туралы ол жылдары былай деген екен:

«Менің ойымша, қазақ – жаратылысынан қабырғалы, палуан халық. Мұндай елден әр жыл сайын бүкіл әлемді таңдай қақтыратын бір мықтының шығып отыруы қалыпты жайт. Бұқара ішінде небір білекті палуандардың жүргеніне еш күмәнім жоқ. Біз соларды анықтай алмай жүрміз. Ал олар болса бізге жете алмай әлек. Сондықтан қазақтың баласы тасада қалмауын барынша қадағалауымыз керек. Себебі даңқы асқан палуан – спорттың серкесі ғана емес, бүкіл бір ұлттың ардақтысы, арқа сүйер батыры. Осыны әркез есімізде ұстайық».

Жармалық палуан жайлы деректер жинастырып жүргенде оның туған інісі Нұрғали Байдосовпен телефон арқылы әңгімелесудің сәті түскен еді. Бүгінде Алматы қаласында тұратын ол ағасының есімі туған жерінде лайықты дәріптелмей жатқандығына қынжылыс білдірді.

«Шығыс Қазақстан облысы тұрмақ Жарма ауданының өзінде Қабденнің ұмытыла бастағаны рас. Ал еліміздің Оңтүстік астанасында жағдай мүлде бөлек. Спортшының атына үлкен күрес залы беріліп, мәрмәр тасқа фотосуреті мен аты-жөні қашалып жазылған. Сондай-ақ жыл сайын ол кісінің құрметіне республикалық деңгейде күрес фестивалі өткізіліп тұрады», – дейді Нұрғали Байдосов.



Соңғы жаңалықтар