Еркін Баулықов Саран қаласына әкім болды
Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Саран қаласының әкімі болып Еркін Баулықов тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркін Баулықовтың кандидатурасын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов қала мәслихатының кезектен тыс сессиясында ұсынды. Депутаттар кандидатураны мақұлдады.
Облыс әкімінің орынбасары қаланы дамытудың басым бағыттарын белгілеп, Саранның жаңа басшысының алдына міндеттер қойды.
Еркін Баулықов 2016 жылдан 2019 жылға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде түрлі лауазымдар атқарды. Сондай-ақ елордада ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінде еңбек етті. Содан кейін Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды.
2021 жылғы желтоқсаннан бастап осы тағайындауға дейін Саран қаласы әкімінің орынбасары болды.