Еркін күрестен Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов Петропавлға оралды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстікқазақстандықтар еркін күрестен Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановты теміржол вокзалынан қарсы алды. Нұрқожа Қайпанов Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақтарда өткен әлем чемпионатында алтын жүлдені жеңіп алды. Ол — ел тарихында еркін күрестен Әлем чемпионы болған екінші балуан.

«Еңбек пен шексіз шыдамдылық нәтижесін бермей қоймайды. Нұрқожа Олимпиада медалін таққысы келген, ол мақсатына да жетеміз деп ойлаймын, алда әлі уақыт бар. 2019 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды. Одан кейін қандай да бір себептермен айтарлықтай жолы болмап еді. Ең бастысы өзіне деген сенімін жоғалтпады, ерік-жігерін жинап, бұл жолы одан да жақсы нәтижеге жетіп отыр. Өте еңбекқор. Біздің мектеп-интернатқа 7-сыныпқа келген еді. Көзі «жанып» тұрған бала. Бұл жетістігі таза еңбектің нәтижесі. Ата-анасына да алғыс айтқым келеді. Спортта, қайда болмасын тәрбиенің рөлі зор», — дейді жаттықтырушысы Аян Бейсенбаев.

Чемпионды теміржол вокзалынан қарсы алуға ардагер спортшылар, әріптестері, туған-туыстары мен достары келді.
«Бүгін Әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпановты қарсы алып жатырмыз. Көптен күткен медаль. Еркін күрестен Қазақтанның екінші алтын медалі. Бұған дейін тарихта болмаған. Әлем чемпионатына жақсы дайындалды, алдында 74 кг — олимпиадалық салмақта болған, осы жолы 70 кг салмақта күресті. Диетологпен жұмыс істеді, денсаулығын бақылауда ұстады. Қазір бабында, осы жолы жақсы күресті. Ақтық сында жапондық спортшымен кездесіп, 6 да 4 есебімен жеңді», — дейді Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің еркін күрестен аға жаттықтырушысы Орынбек Балағанов.

26 жастағы Нұрқожа Қайпанов бүгінде келесі турнирлерге дайындықты бастап кеткен. Өткен турнирдің де оңай болмағанын айтады.

«Тактикалық тұрғыда бір ай алдын ала дайындық жасадық. Жалпы Әлем чемпионатына алтыншы рет қатыстым. Бұл әлемдік деңгейдегі соңғы жарыс емес. Алда әлі жарыстар бар. Мәселен, Ресейде өтетін Иван Ярыгин атындағы турнирге бармақ ниеттемін. Ол да Әлем чемпионаты сияқты деңгейде өтеді. Қазір оған дайындықты бастап кеттік. Олимпиада ойындарына қатысу жоспарда бар», — дейді чемпион.

Бұған дейін СҚО-да әкімдік жалғызілікті анаға күрделі жөндеуді қажет ететін баспана бергенін жазған едік.