Еркін күрестен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын екінші орынмен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM – Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатында еркін күрестен Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте екінші орын алды.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын екінші орынмен аяқтады
Фото: Қазақстан күрес түрлері федерациясы

Дүбірлі додада қазақстандық балуандар 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль алды.

Ел құрамасынан Едіге Қасымбек (125 келі) чемпион атанса, Камиль Куруглиев (92 келі) күміске қол жеткізді. Ал Нұрданат Айтанов (57 келі), Досжан Кұлғайып (74 келі) және Самир Дурсунов (97 келі) үздік үштікті түйіндеді. 

17-24 тамыз аралығында өтіп жатқан беделді бәсекеде енді әйелдер күресінен жүлделер сарапқа салынса, одан кейін грек-рим күресінің балуандары бозкілемге шығады.

Дүниежүзілік дода 1969 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін қазақстандық балуандар 10 алтын, 27 күміс, 39 қола медаль алды. 

Былтыр Испанияның Понтеведре қаласында өткен әлем чемпионатында ел құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлдемен медальдар кестесінде төртінші орынға тұрақтады.

Соңғы жаңалықтар