Ерікті қоныс аударуды жүйелеу: отандық еңбек нарығы қалай қорғалады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Жамбыл облысында заңсыз көші-қон арнасы анықталды
Фото: Polisia.kz

Аталған заң Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарының бастамашылығымен әзірленген. Заңның негізгі мақсаты – еңбек нарығын дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, кәсіби біліктіліктерді тану тетіктерін жаңғырту, көші-қон саясатын жетілдіру, денсаулық сақтау саласының мамандарының қауіпсіздігін күшейту, әлеуметтік қорғауға және инклюзивті білім беру мәселелерін қолдау.

Құжатта аясында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік, Еңбек, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы және Әлеуметтік кодекстерге, сондай-ақ қолданыстағы 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

- Атап айтқанда, кәсіптік колледждердің әлеуетін арттыру мақсатында Заң аясында колледждерге өз инфрақұрылымы мен спорт залдарын жалға беруге, сондай-ақ өндірген өнімдерін сатудан табыс табуға рұқсат беріледі. Бұл қаражат колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталады. Дуальды оқыту жүйесі де жаңа деңгейге көтеріледі. Енді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы рөлі нақтыланып, бизнестің жауапкершілігі білім беру процесімен шектелмей, түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін болады, - деді сенатор Амангелді Есбай.

Көші-қон саясаты

Мұнымен қоса, ерікті қоныс аударуды жүйелеу қажеттігінен ерікті көші-қон Әлеуметтік кодекстен шығарылып, «Халықтың көші-қоны туралы» арнайы заң аясында реттелетін болады. Бұл оны тек жұмыссыздықты азайту құралы ретінде емес, стратегиялық көші-қон саясаты ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі қолдау шараларының тар ауқымы кеңейтіліп, тек жұмыссыз азаматтармен шектелмей, өзге де мақсатты топтардың бағдарламаға қатысуына жағдай жасалады.

- Сонымен қатар халықтың көші-қоны саласында, әсіресе жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметіне мемлекеттік бақылау енгізіліп отыр. Бұл өзгеріс отандық еңбек нарығын қорғауға және шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде қазақстандық мамандарға тәлімгерлікті міндеттеу арқылы өз азаматтарымыздың құқығын бекітуге мүмкіндік береді. Ерікті қоныс аударуға қатысушыларға материалдық көмек төлемдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында төлеу тетігін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен» интеграциялау арқылы жетілдіру ұсынылған. Бұл сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, мемлекет қаржысының халықтың игілігіне нақты жұмсалуын қамтамасыз етеді, - деді депутат.

Дансаулық сақтау саласы

Бұдан бөлек, құжата денсаулық сақтау саласында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген. Нақты айтқанда, алғаш рет «медициналық газ» ұғымы енгізіліп, оны мемлекеттік тіркеу тәртібі белгіленген және медициналық емес мақсаттарда пайдалануға тыйым салынған.

Сонымен қатар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын бақылау шаралары күшейтілген. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Заңда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырумен қатар, олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығын сақтандыру тетіктері қарастырылған. Бұл медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейтетін маңызды норма болып табылады.

- Әлеуметтік сала және ерекше қажеттіліктері бар жандардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қамтылды. Осы орайда, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін жүйелі шешу үшін жұмыс орындары квотасының орындалуын белгілеу, мониторингтеу және бағалаудың нақты тетіктері енгізілген. Сонымен қатар, заңнамалық өзгерістер аясында инклюзивті білім беру мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінген. Денсаулығында ауытқуы бар балаларды ерте жастан анықтау және оларға қолдау көрсету тетіктері іске қосылып, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау органдарының ақпараттық жүйелерін біріктіретін интеграцияланған модуль қалыптастырылуда. Бұл цифрлық шешім ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін айтарлықтай арттырады, - деп түсіндірді сенатор.

Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін арнайы білім беру ұйымдарын лицензиялау, «инклюзивті мәдениет» және «ымдау тілі маманы» ұғымдары заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Осы шаралардың барлығы қоғамда тең мүмкіндіктер орнатудың және азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілі болады.

Бұған дейін хабарлағандай, елдің көші-қон саясаты түбегейлі трансформациядан өтеді.