Ерікті түрде қайтарылған активтер заңсыз деп танылмайды

АСТАНА. KAZINFORM — Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.

активтер
Коллаж: Kazinform/Freepik

- Заң Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау, сондай-ақ, Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын іске асыру мақсатында әзірленді. Заңмен құқықтық қайшылықтарды жою, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, жер пайдалану құқықтарын мұрагерлікке алуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар бойынша 4 кодекс пен 10 заңға тиісті түзетулер енгізіледі. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға енгізілетін түзетулер заңсыз иемденілген активтерді қайтару процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған, - деді Нұрлан Бекназаров.

Оның айтуынша, мынадай түзетулер енгізіледі:

- заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі шаралардың нәтижелерін, олардың мемлекет пен азаматтардың мүддесіне пайдаланылуы туралы ақпаратты жариялау міндетін енгізу;

- ұлттық экономикаға, әлеуметтік-мәдени объектілердің құрылысына қаражатты инвестициялауды немесе әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін келісімдерге қатысты нормаларды егжей-тегжейлі регламенттеу;

- келісімдерді жасау нәтижесінде ерікті түрде қайтарылған немесе мемлекет кірісіне берілген активтерді заңсыз деп танылмауды белгілеу.

- Конституциялық соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы нормативтік қаулысына сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабының, 2024 жылғы 4 желтоқсандағы нормативтік қаулысында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 37-бабы 6-тармағының, 2025 жылғы 30 қаңтардағы нормативтік қаулысына сәйкес Жер кодексінің 40-бабы 1-тармағының жекелеген бөлігінде нормалар Конституцияға сәйкес келмейтін болып танылды. Осыған байланысты, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлікпен және өзге де ақы төленентін қызметпен айналысуына жалпы тыйым салуды алып тастау ұсынылады, - деді сенатор.

Нұрлан Бекназаровтың атап өтуінше, бұл ретте мына санаттарға қолданыстағы шектеулер сақталады:

- өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері;

- Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері;

- ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басқарушылары.

- Сонымен қатар, Конституциялық соттың қаулыларына сәйкес «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне енгізілген түзетулер арнаулы салық режимдерін қолданатын немесе еліміздің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына қатысты алименттерді тұрақты ақша сомасында ұстап қалу тәртібін нақтылайды. Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер жер пайдалану құқығын мұраға қалдыру тәртібін нақтылап, заң бойынша да, өсиет бойынша да мұраға қалдыру рәсімдерінің біркелкілігін қамтамасыз етеді, - деді ол.

Сенатордың айтуынша, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және оны жетілдіруге байланысты бағытталған түзетулер мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдардың 5 пайыздан аспайтын коммерциялық ұйымдардың жай акцияларын сенімгерлік басқаруға беру міндеті және бағалы қағаздар нарығында ғана сатып алумен шектейтін нормалар алып тасталды. Бұл халықтық IPO-ның дамуына, қосымша шығындарды болдырмауға, аталған активтерді азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша сатып алуға, сондай-ақ мұраға беруге болатындығына байланысты.

- Сонымен қатар, цифрлық активтер Салық кодексіне сәйкес табыс әкелетін және салық декларациясында көрсетілетін мүлікке жатқызылғандықтан заңда цифрлық активтерді сенімгерлік басқаруға бермей сатып алу мүмкіндігі көзделген. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға мемлекеттік қызметшілердің сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алу құқығын көздейтін норма енгізіледі, - деді Нұрлан Бекназаров.

Соңғы жаңалықтар