Ерлан Ақкенженов Маңғыстау өңіріндегі газға байланысты ахуалға түсініктеме берді

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Маңғыстау өңіріндегі газға байланысты ахуалға түсініктеме берді.

Ерлан Ақкенженов
Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Маңғыстау облысына газ қажеттілігі айына 18 мың тоннаны құрайды. Соңғы 2 жылда газ құю стансаларының саны 300-ден 500-ге артқанымен жалпы газ көлемі өзгеріссіз қалды. Демек, бұрындары газ көлемі 300 станса арасында, ал қазір 500 станса арасында бөлінеді. Соған орай бір стансаға бөлінетін көлемі азаяды. Яғни, бір газ құю стансасы 2-3 күн жұмыс істеп, одан кейін жабылып қалады. Міне, жағдай осындай, - деді министр Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, бүгінде Маңғыстау облысында екі күнге жететін көгілдір отын бар.

- Зауыттар жұмыс істеп тұр, толықтырып жатырмыз. Көліктердің үлкен кезегінің жинақталуы мәселесі жоқ. Ал жекелеген газ құю стансаларына қатысты себепті айтты, - деді Ерлан Ақкенженов.

Таяуда Энергетика министрлігі сұйытылған газды ел аумағынан сыртқа шығаруға салынған тыйымды тағы 6 айға ұзарту туралы бұйрық жобасын көпшілік талқылауына шығарды.

Естеріңізге сала кетсек, Ақорада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стубб келіссөздер өткізіп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар