Ерлан Қарин балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жиын өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты заң бұзушылықтың алдын алу және оның жолын кесу мәселесіне арналған жиын өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ерлан Қарин балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жиын өткізді
Фото: Ақорда

Жиында Оқу-ағарту министрі, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Жетісу және Түркістан облысы әкімдерінің орынбасарлары атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндама жасады.

Ерлан Қарин жүйелі шаралардың нәтижесінде салада бірқатар оң үрдіс байқалатынын айтты. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда балалар мен жасөспірімдерді жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу қылмыстарының саны 12,5 пайызға азайған. Сондай-ақ «111» байланыс орталығы мен QR-код арқылы күрделі психоэмоциялық жағдайға душар болған немесе зорлық-зомбылық пен қатыгездікке ұшыраған 4174 балаға көмек көрсетілген. Оның ішінде 34 жағдайда балалар суицидінің алдын алған.

Алайда Мемлекеттік кеңесші бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті екеніне назар аударды.

Ерлан Қарин балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты алдын алу шараларын аймақ басшылығы тікелей бақылауында ұстап, жүйелі жұмыс атқаруы қажет екенін ескертті.

Жиын қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігіне осы бағыттағы жұмысты ұтымды үйлестіру әрі тиімді шаралар әзірлеу тапсырылды.

Бұл ретте Мемлекеттік кеңесші өңір басшылығының қатысуымен мұндай жиындар ұдайы өткізіліп тұратынын еске салды.

Айта кетейік, Қазақстанда балалардың ерте дамуы үшін қызметтерге тең мүмкіндік беретін құжат қабылданды.

Соңғы жаңалықтар