Ерлан Қарин мемлекеттік байланыс орталықтарының жұмысын жақсартуды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақордада Вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен мемлекеттік органдардың байланыс орталықтарының жұмысын жетілдіру, халықпен кері байланыс орнатудың жаңа құралдарын енгізу жөнінде кеңес өтті.
Ақорданың хабарлауынша, жиынға Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының, Бас прокуратураның, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қаржы министрлігінің, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық салада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдары қарқынды енгізіліп жатқанын атап өтті.
— Президенттің елді ауқымды цифрландыру жөніндегі бастамасы мемлекеттік органдар жұмысының халықпен тиімді кері байланыс орнату секілді маңызды бағытын да қамтиды, — деді Ерлан Қарин.
Вице-президент айтып өткендей, мемлекет халықпен кері байланыс орнатудың ауқымды әрі функционалды инфрақұрылымын қалыптастырды. Мәселен, жыл сайын республика бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы 30 миллионнан астам қызмет көрсетіледі, ал мемлекеттік байланыс орталықтары жылына 21 миллионнан астам қоңырау қабылдайды.
Сонымен қатар жүргізілген талдау нәтижелері өңірлік I-Komek байланыс орталықтарының жұмысында аймақтар арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін көрсетіп отыр. Мәселен, 2025 жылы азаматтардан түскен 4 миллион қоңыраудың жартысынан астамы елордаға тиесілі. Өңірлік байланыс орталықтарындағы жұмыс тиімділігінің төмендігі азаматтарды күнделікті мәселелерінің шешімін республикалық «e-Otinish» платформасы арқылы іздеуге мәжбүрлейді. Соның салдарынан ақпарат жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға едәуір кешігіп түседі. Бұл өз кезегінде халықты алаңдатқан өзекті мәселелерді шешу уақытына кері әсерін тигізеді.
— Сондықтан, ең алдымен, елордалық I-Komek орталығының оң тәжірибесін өзге өңірлерге кеңінен таратып, олардың күнделікті мәселелерді шешу бағытындағы жұмысының тиімділігін арттыру қажет, — деді Ерлан Қарин.
Кеңес барысында мемлекеттік органдардың өкілдері фронт-офистердің, оның ішінде «E-Otinish» платформасының, «111» байланыс орталығының, ХҚКО-лар мен азаматтарды қабылдау орталықтарының қызметі туралы ақпарат берді.
— Кейінгі уақытта мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жаңа технологияларды мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу бағытындағы жұмысы едәуір күшейді. Бүгінде мемлекеттік органдардың фронт-офисін бірыңғай платформаға біріктіру, сондай-ақ жасанды интеллектіге негізделген заманауи құралдарды енгізу басты міндеттердің біріне айналып отыр. Бұл азаматтардың өтініштерін қарау тиімділігін арттырып, Президент бастамалары мен азаматтарымыздың өтініштерін жеделірек шешуге мүмкіндік береді, — деді Ерлан Қарин.
Вице-президент кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар жұмысының проактивті форматта жүргізілуін қамтамасыз ету және халықпен кері байланыс арналарының жұмысын жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар берді.
Еске салайық, бұған дейін Ерлан Қарин Қазақстандағы ескерткіштердің мазмұндық және мағыналық сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс басталатынын мәлімдеген еді.