Ерлан Қарин республикалық этномәдени бірлестік басшыларымен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Астанадағы Достық үйінде республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Басқосуға Зайнуддин Махусеев, Акбаржон Исмаилов, Тауфик Каримов, Наринэ Микаелян, Ахмет Мурадов, Юрий Тимощенко, Абдулла Исматуллаев, Шавкат Исмаилов, Дмитрий Останькович, Абилфас Хамедов, Виталий Тварионас, Исидор Борчашвили, сондай-ақ Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Закиржан Кузиев, Евгений Больгерт, Сергей Пономарев, Наталья Дементьева және Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов қатысты.
Кездесуде Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылған бастамалар мен этномәдени бірлестіктердің елдегі саяси жаңғырудың негізгі бағыттарын іске асыруға қатысу мәселелері талқыланды.

Мемлекеттік кеңесші жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның еліміздің орнықты дамуында маңызы зор екенін атап өтті. Ерлан Қариннің айтуынша, мемлекеттік саясаттың «Бірлігіміз – әралуандықта» мызғымас қағидаты қоғамдық бірліктің негізі болып саналады.
Этномәдени бірлестік өкілдері Мемлекет басшысының мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық және саяси бағыттағы бастамалары мен шешімдері, сондай-ақ Құрылтайдың бесінші отырысында айтылған ұсыныстар ел дамуының жаңа кезеңіне қатысты тұтас көзқарасты қалыптастыратынын жеткізді.
Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері Президент бастамаларын қолдайтынын білдіріп, алдағы реформаларды іске асыруға белсенді түрде қатысуға дайын екенін айтты.

Айта кетейік, Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев V Ұлттық құрылтайда сөз алып, этномәдени бірлестіктердің саяси процестерге араласу мүмкіндігі туралы ой қозғады.